Моңғолиялық әнші қазақ, қырғыз, армян әртістерімен коллаборация жасамақ

Ертең Азия өнерпаздарының басын қосатын Silk Way Star байқауы басталады. Дәл қазір елордада қатысушылар қызу дайындалып жатыр. 12 мемлекетінен келген өнерпаздар өзара бақ сынап, 22 қараша күні жеңімпазды анықтамақ.
3 айға созылатын додада Моңғолияның абыройын қорғайтын Мишель Джозеф «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, өз әсерімен бөлісті.
Ең алдымен, осындай ауқымды жобаны ұйымдастырған барлық жандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Себебі мұндай идеялар бізді біріктіреді. Бұл — өте маңызды әрі көлемді жоба. Мен өз шығармаларымды өзім жазамын. Әндерімнің ішінде моңғол ұлттық музыкасының элементтері бар. Сол себепті менің туындыларым басқа мемлекеттердің тыңдармандарына да қызықты болады деген үміттемін, — дейді Silk Way Stars жобасының қатысушысы.
Моңғолиялық әнші қатысушылармен әлі толық танысып үлгермегенін айтады. Дегенмен, кей қарсыластарымен жақын достасып үлгеріпті.
Қазір жобада нағыз қарбалас кезең. Қатысушылармен енді-енді танысып жатырмыз. Өкінішке қарай, бәрімен ұзақ сөйлесуге уақыт жетпей жатыр. Дегенмен, осы аз уақыттың ішінде қырғызстандық қатысушымен жақсы дос болып үлгердік. Оның есімі де ерекше. Тағы бір қызығы — екеуіміздің де мамандығымыз бір. Біз психологпыз, — дейді Мишель Джозеф.
Өнерпаз қазақстандық, қырғызстандық және армениялық әншілермен бірге коллаборация жасағысы келетінін жасырмады.
Егер мүмкіндік туса, Қазақстан, Қырғызстан және Армения елдерінің әртістерімен бірлесіп коллаборация жасауға дайынмын. Себебі бұл елдердің музыкасы маған өте жақын әрі әуезі ерекше ұнады, — дейді ол.
Жоба қатысушысы дайындық барысында алған әсерімен де бөлісті.
Бұл жоба — жай ғана бәйге емес. Мұнда шығармашылықпен қатар, халықтар арасындағы достықты нығайтып жатырмыз. Мысалы, дайындық кезінде армениялық әртістің әуенін естіп қалдым. Шынымды айтсам, қатты әсер алдым, әні керемет екен, - дейді әнші.
Мишель Джозеф әнші болуды армандамағанын да жасырмай айтты.
Негізінде бала кезімде әнші болуды армандаған жоқпын. Бастапқыда дәрігер-психолог болғым келді. Бірақ 16 жасымда «Моңғолия дауысы» сайысына қатысып, сол сәттен бастап музыкадағы жолым басталды, - дейді студия қонағы.
Фото: instagram.com/jo.michelle.cher

Ең көп оқылған
