Оқушы демалысы үкіметтің назарында

Мектептегі оқу жылы аяқталып, оқушы мен ата-ана қуанып жатыр. Алайда, үкімет үшін сыналатын сәт келді. Өйткені, оқушының демалысы турасын айтқанда мемлекеттің, үкіметтің мойнында.

  • 25.05.2023

Бүгін Үкімет жетекшісі Әлихан Смайлов жүріп жатқан мектепке дейін және орта білім беруді дамыту реформасында, «Жайлы мектеп» жобасында, оқу бағдарламаларын жетілдіруде оқушылардың сапалы, қауіпсіз демалысы басты назарда болу керектігін атап өтті.  

Жалпы,  биылғы оқу жылында еліміз бойынша орта мектептерден 6,8 мың түлек  «Алтын белгіге» үміткер болып отыр екен. Сондай-ақ, сондай-ақ, соңғы қоңыраудан кейін 3,7 миллион оқушы оқу жылын аяқтап, демалысқа шығады.

 Осы аптадағы үкімет жиынында орта білім беруді дамыту реформасының барысы, оқу бағдарламаларын жетілдіру, оның ішінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі кеңінен талқыланды.

Қызметіне кіріскеніне жыл толмаған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы оқу жылын табысты аяқтаумен қатар, оқушылардың жазғы демалысы мен сауықтыруын сапалы ұйымдастыруды қолға алғанын атады. Мәселен, балалар үшін жұмыс істейтін лагерлерде 1-10 сыныптар аралығындағы оқушылардың 85,3 пайызын немесе 2,8 млн баланы  қамтуға мүмкіндік бар.

Жазғы лагерлерден бөлек каникул кезінде 1,5 миллионға жуық бала үшін қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелер жұмысын жалғастырады. Республика бойынша білім беру ұйымдарында ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік бағыттарда  11 мың үйірме жұмыс істемек. Сондай-ақ, оқушылар жасыл желектендіру жүзеге асыратын «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып, еліміздің киелі саналатын жерлеріне саяхат жасайды.

«Жазғы каникулды балалар үшін әсерлі әрі мазмұнды өткізу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, білім беру ұйымдарын, педагогтерді, ата-аналарды бірлесе күш жұмылдыруға және балалардың жазғы демалысын өткізу шараларына жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - деді министр Ғ. Бисембаев.

Ал Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуына қарағанда, 90 күнге созылатын жазғы демалыста оқушының іші пыспайды, себебі мәдениет саласында 500-ден астам, спорт және туризм салаласында 300-ге жуық іс-шара өтпек. Музейлер мен киелі орындарға тегін экскурсиялар ұйымдастыру, балаларды кітапханаларға апару, спектакльдер мен қойылымдар көрсету жоспарын министр тыңғылықты ойластырып қойыпты.

Сондай-ақ, лагерде демалушы балалардың денсаулығы да ұдайы назарда болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі өз сөзінде айтып өтті.

«Өткен жылғы тәжірибе лагерлерді ашуға рұқсат алу үшін дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізу қажеттігін көрсетеді. Сауықтыру ұйымдарының қызметін бақылау барысында былтыр белгіленген талаптардың бұзылуы анықталды, оларға14 ұйғарым берілді, 2 млн теңгеден астам сомаға 20 адамға айыппұл салынды», - деді Ажар Ғиният үкіметтегі жиында.

Оқушының жазғы демалысы қалай өтері әкімнің жұмысына да байланысты. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек оқушы алдында ұятқа қалмайтынын айтты.

«Жазғы кезеңде балалардың шамамен 98 пайызын қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл – 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам бала, оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мыңдай. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейінді лагерь, 2 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейтін болады», - деді  ол.

Маңғыстау облысының әкімі де тура осындай есеп берді. Министрлер мен әкімдердің есебін тыңдаған Үкімет жетекшісі Әлихан Смайлов жүріп жатқан мектепке дейін және орта білім беруді дамыту реформасында, «Жайлы мектеп» жобасында, оқу бағдарламаларын жетілдіруде оқушылардың сапалы, қауіпсіз демалысы басты назарда болу керектігін атап өтті.