Оқушыларда комикс арқылы отансүйгіштікке бағыттайтын жоба

Malim Админ

  • 17.02.2024

Қарағандыда алғашқы болып Қазақстан тарихы қазақ тілінде комикс оқулығы бойынша жүргізіліп келеді. Бұл тың тәсілді Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әсем Тарыбаева ойлап тапқан. Тәжірибелі педагог осылайша шәкірттерін тарихты терең сіңіруге, оларды елжандылыққа, ұлтжандылыққа баулып жүр. Методикалық оқу құралы  5-6 сыныптарға арналған.   

Педагог комикс әдісін бір жыл бұрын қолға алған. Жоба  экспримент ретінде қолданылып келеді. Қазір 5-6 сынып оқушылары  "Қазақстан тарихын" жаңаша тәсілмен меңгеруде. Жинақта  қазақ хандығының негізін салушылар бейнесі  және олардың асыл сөздері қысқа-нұсқа жазылған.Тарих пәнінің ұстазы Әсем Тарыбаеваның айтуынша,  шәкірттер  сабақты визуалды түрде  тез қабылдайды әрі есінде  ұзақ сақтайды.   

«Аниме, комикс жанрлары визуалды түрде қабылдауға өте ыңғайлы. Айталық,  «аниме» мен «манго» стилі Жапонияда жақсы дамыған. Аталмыш жанрды не себепті таңдады деген сұраққа келетін болсақ, балалар қазіргі таңда интернетті көп қолданады, жиі көреді. Яғни ғалымдардың айтуынша, көру бойынша олар барлық ақпаратты мида сақтайды. Сондықтан, осы бағытты таңдауға тура келді»,-дейді тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаева.    

Білікті ұстаз енді  елді елдік туын көтеруге үндеген «Алаш зиялыларына» арналған комикс құралын әзірлеп жатыр. Оқушылармен бірігіп, методикалық оқулықтың  дизайны,   тарихи тұлғалардың суреттері мен қысқа диалогтарын  дайындауда. Айта кету керек,   эксклюзивті жобаны облыс көлемінде  басқа  бірде-бір мектеп қолданысқа енгізбеген.    

Тарихшы  Әсем Тарыбаеваның пікіріне сүйенсек,  «Қазақстан тарихы» 5 сыныптан бастап оқытылады. «Сол себепті төменгі сыныптардан бастап, тарихқа деген қызығушылықты арттырып, өскелең ұрпақты патриотизмге бағыттауды ойладық. Комикстің ішінде суреттер көп, диалог өте қысқа болып табылады. Және ең маңыздысы, тілдік тұрғыдан қазақша  тарихты ұғындыру ең негізгі мақсатымыз.  Қазір алаш зиялылары, оның ішінде ұлт көсемі атанған  Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков сынды тұлғаларымызды оқулыққа енгіздік», - дейді ұлағатты ұстаз.

Қазір 11 сынып оқушылары «Алаш» қайраткерлерінің өмір тарихын зерттеуге кіріскен. Комиксті жасау үшін кітапханалар мен   баспалардан қажетті еңбектерді пайдаланып жүр.  Әсем Тарыбаеваның жалпы еңбек өтілі  10 жыл. Педагогика ғылымдарының магистрі. Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Мектеп директоры  Сейфүмәлік Сұлтанұлының  айтуынша,  мұғалім аз уақыт ішінде   балалардың тарих пәніне қызығушылығын арттырған. Педагог осы мектепке қызметке келгелі оқушылар тарих пәнінен облыстық, республикалық олимпиадалардан 1-2 орындарды иеленіп жүр.

Алдағы уақытта Әсем Тарыбаева барлық сынып бойынша  тарих пәнін  комикс, аниме тәсілдерімен оқытып, шәкірттерді Отанын қорғауға, батырларды үлгі тұтып өсіру жолында күш салмақ.    Сондай-ақ, жоба аясында Алаш ардақтылары жайында  деректі фильм түсіруді қолға алуды жоспарлап отыр.