Қартайғанда суретші болу немесе бейқам қарттықты жастар неге түсінбейді?
«Бұрынғы академик, профессор. Қазір тек боғауыз сөзбен сөйлейді. Сол кісінің салған суреті». Көрмеге кіре салғанымызда естіп қалған алғашқы сөзіміз осы болды. Одан әрі қолдарына қартайғанша қылқалам мен қарандаш ұстап көрмеген суретшілердің туындыларын қалай тамашалап кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалдық.
Бүгін 29 қазан – Бүкіләлемдік инсультпен күрес күні. 2019 жылы неміс дәрігерлері жүрек талмасының 90 пайызының алдын-алу мүмкін екенін айтып, қуанышты манифест жариялаған болатын. Инсульт ауырлығына қарай, түрлі салдарға әкеліп соғуы мүмкін: жүрек талмасынан қарттардың кейбірі сал болып қалса, кейбірі сөйлеу, ендібірі есте сақтау қабілетінен айырылып жатады. Осы бір дертке шалдыққан қарияларға көмек көрсететін бір топ азамат жүрек талмасын бастан кешірген деменциясы бар қарттар салған суреттер көрмесін өткізді.
Алғаш рет өткізіліп отырған көрмеде өте көп сурет қойылған. Бұл суреттер деменциясы бар қарттарға көмек көрсететтін «Мейірім» пансионатындағы арт-терапия сағатында қарттардың өздері салған суреттер. Арасында елең еткізетін суреттермен қатар жүрек ауыртатын шимай-шатпақ та бар.
Көрме бастамашыларының бірі, психотерапевт Жібек Жолдасова Инсультпен күрес күні жайлы барынша көбірек айту керек екенін айтады.
«Мына сурет авторларының бәрі деменцияның орта, ауыр шегіндегілер. Бірде-бірі өз күнін өзі көре алмайды, кейбірі дәретке отыруды ұмытқан. Алайда арт-терапия бұл адамдар үшін ең тиімді амал болды. Атын да ұмытып қалған адамның қарандаш ұстап, гүлдің, адамның суретін салудың не екенін білетіні бас кезде таң қалдырды. Бұл әдіс деменциядан емдеп, инсульттің алдын алады демесек те, пациенттің жағдайын әлдеқайда қалыпты ұстап тұруға көмектеседі», - дейді маман.
Дей тұрғанмен Жолдасова да, арт-терапия өткізетін психолог Эльмира Исабекова да сурет салу бірнеше ай ішінде біраз қарттың жағдайын жақсартқанын айтады.
«Мысалы мына суретке қараңызшы. Қарияға не сал десеңіз де, айналып келіп, өзінің сүйіктісін, кезінде бар махаббатын бөліскен адам бейнесін салуға тырысады да тұрады. Жасы сексеннен асса да, бар білгенін ұмытып қалса да, адам сол бір сезімді ұмытпайды. Әр терапияда сол сезімін қағаз бетіне түсірген сайын, оның жағдайы эмоциялық тұрғыда жақсара түсуде», - дейді психолог.
Өзге суреттерді талдамас бұрын Жібек Алилуллақызы деменцияға, артынша жүрек талмасына әкеліп соғуы мүмкін мынадай белгілілерге назар аударуды ұсынды:
«Бір нақты белгі жоқ. Алайда бүгінгі өзіңізді үнемі кешегі өзіңізбен салыстырып отырыңыз. Жас келе есте сақтау нашарлай түседі деген өтірік, сенбеңіздер. Тіпті өзім де дәрігерлердің осы ойды қолдайтынына күйінемін. Өз басым бір-екі жылдан кейін елу жасқа келемін. Бір сырқау мазалап, дәрігерге жүгінсем, «Жас келді ғой, бұл жаста ауыру-сырқау болуы қалыпты жағдай» дегенін қаламаймын. Қарт адамның ауырдым дегені қалыпты нәрсе болмауы керек. Біз нашар генетикамен де ұзақ өмір сүре аламыз, бастысы ең әуелі денсаулығыңызға өзіңіз жауапкершілікпен қараңыз. Сосын дәл соны дәрігерлерден талап етіңіз», - дейді психотерапевт.
Сұрақ-жауап кезеңі біткен соң бәріміз көрмеде ілінген суреттерді талдауға көштік. Балабақша бүлдіршінінің туындысына ұқсас мына суретті КСР депутаты салған, 78 жастағы әйел адам. Психолог сөзінше, жүйелі түрде галлюцинация көріп отырады, үнемі бір реттік жаялық киюге мәжбүр.
«Негізі мына суретті салыңыздар деп арнайы бір нәрсені қайталауын сұраймыз. Кейбір аса ауыр жағдайдағы науқастарға дайын суретті бояуға береміз. Бірақ көбі бәрібір өзі қалағанын салады. Мысалы мына апа үнемі ештеңесін өзгертпестен үнемі осы өлшемде қыздың суретін салады», - дейді Исабекова.
Ал мына туынды авторы – 80 жастағы ер адам. Ауыр дәрежелі деменция. Бір орында отыра алмайды. Суретті бояп біткенше әр жарты минут сайын орнынан тұрып, бөлмені айналып келетіндіктен, суреті аяқсыз қалған.
Ал мына мысықты бояуға тырысқан апаның жасы 62-де. Альцгеймер анықталған. Қызығы, оған қарата сөйлегенді түсінбейді, өзінің сөзінде де еш мағына жоқ, тек бар білген сөзін айтып отыра беретіндей. Бірақ тамақ ішіп болған соң міндетті түрде дастарханды жинауға көмектеседі, мұны парызы деп білсе керек, бұл тірлікті мүлде ұмыт қалдырмайтын көрінеді.
Кезінде маскүнемдікке салынған, кейін емделіп шыққан 70 жастағы қарияның қазір сол жақ денесі істен шыққан. Дегенмен психолог қазіргі науқастар ішінде арт-терапияға ерекше қызығушылық білдірген азамат төмендегі сурет авторы екенін айтады. Біз бұл туындыны табиғат көрінісі деп түсіндік, сіз ше?
Ал мына суретті аса түсіне қоймадық. Ер адамға ұқсаттық, авторы өзін 98 жастамын деп есептейтін 88 жастағы қария. Бұрынғы академик, профессор. Қазір тек боғауыз сөйлеп, үнемі жас қыздардың назарында болғанды ұнатады.
Бұдан өзге көп сурет тым қарапайым болса да, ерекше ұқыптылықпен салынған. Байқағанымыз көбі гүлдің суретін салуға тырысқан. Төмен тұстағы гүлді бояп шыққан пациент бұрын редакторлық қызметте болған. Уақыт өте деменцияға шалдығып, далада жүріп, өзін суық шалғанын да сезбей қалған.
Психолог мұндай жағдайға жетпес үшін,ата-аналары қарттық шағын бейқам өткізу үшін жастар пансионат дегеннен қорыққанды қою керек деп есептейді.
"Мейірім" пансионатының психологы - Эльмира Исабекова
«Қазір ата-анасы қарттық шегінде тұрған адамдар советтік тәрбиемен, әке-шешесін шипажайдан басқа жерге жіберу ұят деп білетін ұрпақ. Бірақ, заман өзгерді. Қазір бәрі жұмыста, үйде ешкім бола бермейді. Ондай жағдайда қарт адам да баяу сөне береді. Ал пансионатта денсаулығы нашар болған күннің өзінде өзі сияқты адамдармен араласа отырып, жағдайы біраз жақсара түседі. Уақытылы тамағы, тазалығы, қарым-қатынас, түрлі терапия – пансионатта барлық жағдай жасалған», - дейді «Мейірім» пансионаты психологы.
Жібек Жолдасова мемлекет әлі деменцияға көңіл бөле қоймағандықтан, мемлекет қаржыландыратын пансионаттар да жоқ екенін, ал жеке мекемелер көптің қалтасын қағатынын айтып қалды. Расында он жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан «Мейірім» пансионатына бір қарт адам үшін күніне 7 мың теңге төлеу керек. Әдетте азды-көп нәтиже байқалуы үшін қарияның бұл жерде 2-3 ай қалуы ұсынылады.
Осы себептен де деменцияға шалдыққан азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Жібек Жолдасова Kop Zhasa қоғамдық қорын құрып, осылайма мәселеге мемлекеттің де, қоғамның да назарын аударуға ұмтылып жүр. Қарттарға көмектесу үшін қоғамдық қорға қаржылай қолдау көрсете аласыз.