Қуат Ежембек: «Қуыршақтар қуантпай тұр...»

Мұндағы қызметкерлердің алатын айлығы шайлығынан аспайды. Жүз мың теңгенің айналасы.

Олжас Қасым

  • 20.02.2022

  

Қазақстанда 7 қуыршақ театры бар екен. Олар Елорда, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Ақтау, Шымкент қалаларында орналасқан.  Ал Жезқазған қаласындағы Қуыршақ театры облыстық драма театрдың құрамында. Қызылорда драма театрында бөлімше ғана жұмыс істеп тұр.
Президенттің биыл «Балалар жылын» жариялауына орай, Елордалық қуыршақ театрының қордаланған мәселелеріне үңіліп көрдік. Осы театрдың Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург  Қуат ЕЖЕМБЕК қазіргі жағдайды бүкпесіз баяндап берді.
 

- 2022 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп атағаны белгілі.  Айтулы датаға орай есімізге бірден – қуыршақ театры түсті.  Бұл театрдың ішкі мәселесіне тоқталмас бұрын сыртқы жағдайына зер салсақ.  Талай жылдан бері «жыр» болып келе жатқан қуыршақ театры ғимараты мәселесі қашан шешіледі? 


- Биылғы жылдың «Балалар жылы» деп жариялануы көңілге қонымды жаңалықтың бірі болды. Алайда «Балалар жылы» қандай нәтиже береді деп ойланып отырмыз.  Біз балаларға не береміз? Немен қуантамыз? Осы мәселе толғандырады. Нарықтық заман адамдарды жұмыс басты қылып қойды. Балаларға көңіл бөлу, сәбилерге шат-шадыман күлкі сыйлау үрдісі кейінгі орынға шықты. Бұл - болашақ үшін өте қауіпті процесс. Ата-ананың махаббатына зәру ұрпақтың ертеңі не болады? Қандай болады? Қуыршақ театры тәрбие құралы десек те, ата-аналардың көбісі бір демалысында балаларды рухани ордаға әкелуден гөрі түрлі сауық-думан орталықтарына апаруды жөн санайды. Бәлкім олар қуыршақ театры бар екенін білмейтін де шығар. Өйткені, насихат жағы кемшін соғып жатқаны рас. Ондағы барлық қойылымдар ізгілікке, Отансүйгіштікке, баланы айналасын құрметтеуге үндейді. Қуыршақ театрына қарап, болашағымызды пайымдауға болатын секілді. Өзіңіз тілге тиек етіп отырған ғимарат «жыры» қашан шешілетінін дөп басып айту қиын. Міне, құрылғанына 13 жылдың жүзі болса да мәдени ошақты оңалта алмай отырмыз.  «Балалар жылы» алдымен қуыршақ театры сияқты балалардың рухани мекені бой көтермесе, осы мәселе талқыланбаса сол күйі қалатынымыз анық.

 
- Театрда еңбек ететін мамандардың жалақысы қай шамада? Аз да болса көтерілді ме?

     
 - Театрды шын сүйген адам ғана театрдың  талабына, мехнатына, машаһатына көнеді. Өйткені, мұндағы қызметкерлердің алатын айлығы шайлығынан аспайды. Жүз мың теңгенің айналасы. Тіпті одан да төмен жалақымен жүргендер бар. Қазір аз-кем қосылды. Бірақ, азық-түлік , пәтер, жеміс-жидек  барлығының құны, бағасы шарықтап тұр. Қосылған азын-аулақ тиын-тебен пайдаға толықтай жарайды деп айта алмаймын. Тентіреп жүріп, бала тәрбиесімен айналысу да мүмкін емес сияқты. Алайда, әйтеуір тырбанып жаңа дүние жасауға тырысып жатырмыз.

 
- Өзің осы қарашаңырақта драматург ретінде еңбек етіп келесің. Жалпы елімізде қуыршақ театрына арнап жазатын драматургтер тапшы. Оған себеп не?    

-  Расында да балаларға арнап ертегі-пьеса жазып жүрген санаулы ғана драматург бар. Әннас Бағдат, Айдана Аламан, Сая Қасымбек, Әлібек Байболдарды атап өткім келеді. Ал бізге келіп түскен пьесалардың басым бөлігі көркемдік кеңестен өтпей жатады. Мұндағы қойылымдар көбіресе әрекетке құрылуы керек. Ұзын-сонар сөзбен баланы жалықтырып аласың. Ал енді сөзсіз тағы болмайды. Қысқасы, осының барлығын сараптап, саралап, жүйелеп отыру қажет. Оны айтасыз, Қуыршақ театрына жазушылардың өзі  аттап баспайды. Оның ішкі процессін, ертегі-пьеса жазудың заңдылықтарын білмейтін адам не жазады? Қалай жазады? Сосын тағы бір мәселе қаламақы. Қаламақысы аз, еңбегің еленбейтін жерге кім жолағысы келеді? Балалардың болашағын ойласақ, осы мәселелерді оңтайландыру керек.    
 
- Театрдың репертуары жөнінде айтсақ. Аударма мәселесі, атап айтқанда шетелдің классикалық туындылары қаншалықты тәржымаланады?

- Көркем дүние ешқашан көптік етпейді. Төл туындыларға да, аудармаларға да сусап тұрмыз. Соңғы уақытта балаларға арналған өлеңдер, әңгімелер жақсы жазылып жатыр. Бірақ, ертегі-пьесалар, аударма мәселесі әлі де алаңдатуда. Кейде режиссер  әлемдік деңгейде мойындалған бір  шығарманы   қояйын десе, ана тіліміздегі аудармасын таппайды. Сосын өзіміз аударып, өңдеп, қажеттілік туындап жатса,  қазақтың табиғатына ыңғайлаймыз! Қазіргі таңда елордалық қуыршақ театры репертуарында әйгілі классик  Г. Х. Андерсеннің  «Су перісі», «Түйме қызы», Р. Киплингтің «Мауглиі»,  И. Меччи, Дж. Робертс, Л. Вулвертонның «Арыстан патшасы», Х. Юрковскийдің «Сен ол мені», Б. Заходердің «Көжек қалай қоян болдысы», Н. Гернеттің «Аладиннің сиқырлы шамы» сынды т.б шетелдік балалар жазушыларының туындылары бар. Бұл шығармалардың барлығының аудармасын өзіміз жасап, сахнаға лайықтадық. Қаламақы алмаймыз.   Қысқасы, Қазақстанның қуыршақ театрлары  осындай күйде.

 
- Сондай-ақ, театрға арнап қуыршақ жасайтын мамандар турасында білгіміз келеді. Оларды арнайы оқу орындары оқыта ма?  

- Бұл өте өзекті мәселе. Бізде қуыршақ жасайтын мамандар тапшы. Арнайы оқу орындарында бұл саладағы  мамандарды оқытпайды. Өйткені, оқытатын ұстаз жоқ. Ондай «мектеп те» қалыптаспаған. Қуыршақты қолөнер шеберлері жасап жүр. Кейде шетелге тапсырыс береді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер Құралай Ешмұратова қайсыбір жылы заманауи бағытта «Ер Төстік» қойылымын сахналады. Әлгі туындының сахналық нұсқасын маған жаздырды. Ертегі-пьесада кейіпкер Желаяқ  болғанымен, қойылымнан алынып тасталды. Себебі, Желаяқтың қуыршағын ешкім жасай алмады. Жасағандары көңілден шықпады. Бұған жылағың келеді ғой. Бізге қуыршақ жасайтын мамандарды оқыту керек. Әйтпесе, барлық ертегі кейіпкерімізден айырылып қалуымыз мүмкін. 


- Білуімше, өзің дипломдық жұмысыңды қуыршақ театры тақырыбында қорғадың. Театртанушылар қуыршақ театрын қаншалықты зерттеп жүр?         

-  Қуыршақ театры немен тыныстап жатыр, нендей мәселе бар деп өздігінен ізденіп, талпынып, талаптанып келген бірде-бір театртанушыны көрмедім. Театрға ауадай қажет мамандар не арнайы шақырумен немесе фестивальдерде ғана табан тірейді. Қуыршақ театрының өзіндік ерекшелігін білмеген соң, қуыршақ театрынан «драма», «трагедия» іздейтіндерді де көрдік. Бұл да бір үлкен мәселе болып отыр.

       
- Әлемдегі қуыршақ театрларымен байланыс қандай деңгейде? Олардың артықшылықтарын байқадыңдар ма?   

- Елорданың қуыршақ театры ашылған күннен бастап әлемдік театрлармен тығыз байланыста. Осы уақытқа дейін көптеген халықаралық қуыршақ театрлары фестивальдеріне қатысып, топ жарды. Бас қаладағы қуыршақ театры 2015 жылы Құралай Ешмұратова атындағы «I-ші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары» фестивалін өткізді. Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сияқты т.б мемлекеттердің өнер ұжымдары қатысқан аталмыш фестиваль аясында «EURASIA PUPPET»  - қуыршақ театрлары ассоциациясын құру» -меморандумына қол қойылды. Бұл меморандум театрлар арасындағы байланысты, достықты нығайта түсті. Осының арқасында Қазақстанның қуыршақ театрын әлем таныды. Әрбір ұлттың болмысына, жаратылысына, тіліне, діліне қарай руханияты, мәдениеті, өнері қалыптасады. Қазақ қуыршақ театры қазақы бағытта жұмыс істейді. Сондықтан әрқайсысының өз артықшылығы бар деп ойлаймын. Әрине ғимарат, қуыршақ сапасы, материалдық  тұрғыдан қарағанда кейбір театрлардың көш ілгері екені байқалады. Ал, шеберлік деңгейіне келсек, қазақ артистерінің ешкімнен қалыс қалмайтынын айтқым келеді.

  
- Жеке шығармашылығыңда қандай жаңалықтар бар? Жаңа пьесалар жазылып жатыр ма? 


- Соңғы жазған пьесам «Атамның өсиеті» - деп аталады. Бұл ертегі-пьесамды елордалық қуыршақ театрының негізін қалаушы актер, Мәдениет қайраткері Досымхан Бейсенбаевқа арнап жазған болатынмын. Театрдың жоспарына енді деген жақсы жаңалық естідім. Алдағы уақытта тамашалап қаларсыздар. «Ойдан ой туады» - демекші қайсыбірде бөрілер жайлы бір мақала оқып едім. Сол мақала әсер етсе керек, қазір толғаныс үстіндемін. Жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған пьесалар жазуды жоспарлап жүрмін.
 

Мазмұнды сұхбатыңа рахмет! 
Сұхбаттасқан:  Олжас Қасым   

Байланысты жаналықтар

Димаштың жанкүйерлері тұңғыш поляк-қазақ сөздігін шығарды

10.12.2024

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

07.11.2024

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

24.10.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған театр студиялары ашылмақ

04.10.2024
MalimBlocks
Димаштың жанкүйерлері тұңғыш поляк-қазақ сөздігін шығарды

Кітап Польшадағы Димаш Құдайберген фан-клубы шығарған тұңғыш сөздік

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 85 жыл

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған театр студиялары ашылмақ