Астана әкімдігі неге сенімсіз құрылыс компанияларының тізімін жаңартпай отыр?

Бас қаланың әкімдігі бұрын жауапсыз құрылыс компаниялардың тізімін жаңартып тұратын. Бірақ екі жылдан бері бұл тәжірибені тоқтатып, сенімді компанияларды eGov пен Қазақстан тұрғын үй компаниясы сайтынан іздеп көруге кеңес береді, деп хабарлайды Malim.kz Tizgin.kz порталына сілтеме жасап.
Үй алуға ақша салып, алданған адамдар Астанада аз емес. Оның үстіне бұл проблема бас қала үшін жүйелі мәселеге айналғалы қашан?! Мұндай дау-дамайларды реттеу мақсатында елорда әкімдігі 2016 жылдан бастап сенімсіз құрылыс компанияларының ресми түрде тізімін жариялай бастаған. Бастаманың үй іздегендерге пайдасы тигені рас.
Әкімдіктің ресми сайтында соңғы рет бұл тізім 2023 жылдың тамызында жарияланған. Әкімдік мұны «жосықсыз құрылыс салушылардың тізімі» деп атап, соңғы рет оған 46 құрылыс компаниясын кіргізген еді.
Тізімді бұдан кейін жаңартпаса да, әкімдік әредік лицензиядан айырылған құрылыс компанияларын атап көрсетеді. Мәселен, 2024 жылдың қаңтарында сот қаулысымен 8 компания лицензиясынан айырылған. Анда-санда ресми сайтта заңсыз тұрғызылған тұрғын үйлердің бұзылып жатқаны жөнінде де ақпарат шығады.
ТІЗІМ НЕГЕ ЖАҢАРТЫЛМАЙ ҚАЛДЫ?
Tizgin.kz порталы осыған байланысты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атына ресми сауал жолдаған еді. Біз сауалымызда нақты қанша көпқабатты үйдің құрылысы тоқтап тұрғанын және бұл үйлер бойынша Астанада қанша азаматтың мүддесі бұзылғанын білмек едік. Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары А.Смағұловтан келген жауапта бұл сұраққа жауап берілген жоқ.
Tizgin.kz сонымен қатар, Астанада нақты қандай компаниялар саламыз деп уәде еткен көпқабатты үйлерін сала алмай жатқанын сұрап, сол компаниялардың тізімін жолдауын өтінген. Басқарма бұл сұрақты да мүлде жауапсыз қалдырды.
Ал сенімсіз компаниялардың тізімі жөнінде мынадай жауап келді.
«2024 жылдан бастап «Halyk» банкінің мобильді қосымшасында «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде «Жылжымайтын мүлік» деген сервис арқылы Қазақстандағы заңды құрылыс нысандарын тексеру қызметі қолжетімді. Құрылысқа тартылған қаражат бойынша берілген рұқсаттар туралы өзекті ақпарат «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ тұрғын үй порталының сайтында орналасқан. Осы компаниямен бірлесіп, серіктес инвесторларға арналған «Онлайн қолдау орталығы» Чат-бот iBota сервисі жасалды: бұл жасанды интеллект негізінде сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, eGov Mobile қосымшасы арқылы құрылыс нысандарының заңдылығын БИН, құрылыс компаниясының немесе тұрғын үй кешенінің атауын енгізу арқылы тексеруге болады», — делінген жауапта.
Біз аталған жауапта көрсетілген iBota чат-ботынан Астанадағы сенімсіз құрылыс компанияларының тізімін сұрап көргенбіз. Алайда ол бізге нақты жауап берген жоқ. Онда әр компанияның бизнес сандық нөмірі арқылы тексеруге болатыны жазылған.
Жұрттың цифрлық сауаттылығы мінсіз емес. Әйтпегенде, Астанада «біз құрылыс компаниясына алдандық» деген ақпараттар шықпас еді. Жақында ғана Астана қаласында ондаған аса азамат салымшы ретінде үй аламыз деп компанияның шотына ақша салып, алданып қалғанын мәлімдеген. Олар жиналып, үндеуін Президенттің, бас прокурор мен Астана әкімінің атына жолдаған болатын. Астана әкімдігі «Qurmangazy» тұрғын үй кешенін саламыз деп уәде еткен «Inter stroy Astana» ЖШС тұрғын үй кешенінің заңсыз жарнамасын жүргізіп, серіктес инвесторлардың қаражатын қолданыстағы заңға қайшы тартқанын растайды.
Коллаж: ulysmedia.kz.