Астанада шетелдіктер жыл басынан бері 70 қылмыс жасаған

Жыл басынан бері елордадағы шетел азаматтары 70 қылмыс жасаған. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев мәлімдеді.
Қылмыстық ахуалға көші-қон үдерістері де өз әсерін тигізіп жатыр. Жыл басынан бері елордаға 24,5 мың шетел азаматы келді, олардың 90 пайызы – жұмыс істеу мақсатында. Сонымен қатар 605 қандас азаматтық алды. Біз құрылыс нысандарында және базарларда еңбек ететін шетелдіктердің жүріс-тұрысын бақылауда ұстап отырмыз, - деді М.Төлебаев.
Полиция мәліметінше, шетелдіктердің қатысуымен 70 қылмыс тіркеліп, олар бойынша 84 қылмыстық іс қозғалған. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 20 мыңнан астам шетел азаматы мен 141 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. 250-ден астам шетелдіктің елде болу мерзімі қысқартылып, 603 шетел азаматы елден шығарылды.
– Елордадағы жоғары өмір сүру деңгейі еліміздің өзге өңірлерінен келген азаматтарды да тартады. Алайда, өкінішке қарай, олардың бір бөлігі түрлі құқық бұзушылықтарға жол беруде. Биыл басқа қалалардан келген 848 азамат қылмыс жасаған, олардың 30 пайызы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, полиция қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері 773 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 9 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған.
Вандализмге қарсы іс-шаралар аясында коммуналдық мүлікті бүлдірген немесе жойған 100-ден астам адам жауапқа тартылған. Олардың 61-і әкімшілік қамаққа алынған, 99 адамға жалпы сомасы 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 мыңнан астам адамға айыппұл жазылған.
Фото: Polisia.kz


Ең көп оқылған
