Астанада автобус ішінде төбелескен қария мен жасөспірімдерге айыппұл салынды

Астанада Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қоғамдық көліктегі төбелеске нүкте қойды. Іс бойынша 66 жастағы ер адам және екі жасөспірім кінәлі деп танылып, оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот материалдарына сүйенсек, С. есімді зейнет жасындағы ер адам автобус салонында жанжал шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол кінәсін мойындап, өкінетінін айтты.
Жасына байланысты (63-тен асқан ер адамдарға әкімшілік қамау қолданылмайды) қарияға тек айыппұл тағайындалды – 20 АЕК (78 640 теңге).
Оқиғаға қатысқан жасөспірімдер – К. және Ш. өз әрекеттерін басқа жолаушының арандатуымен түсіндірді. Оларға да әкімшілік қамау қолданылмай, әрқайсысына 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынды. Айыппұлды ата-аналары төлеуі тиіс.
Фото: видеодан кадр