Қыздарымыз әлем чемпионатына қатысады
Гандболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Алматыда әлем чемпионаты қарсаңындағы алғашқы оқу-жаттығу жиындарын бастады. «Достық» спорт кешенінде өтіп жатқан дайындық жұмыстары 10 қарашаға дейін созылады.
Биыл әлем чемпионаты Испанияның Мадрид қаласында 1-19 желтоқсан аралығында өтеді. Оған тұңғыш рет бес құрлықтан 32 команда қатысады. Ляззат Ищанова баптайтын еліміздің бойжеткендері дүниежүзілік доданың жолдамасын жақында ғана аяқталған Азия чепмпионатында жеңіп алды. Құрлық мықтылары қатысқан сында біздің қыздар үздік үштікке кірді. Енді Ищанованың шәкірттері Испания жерінде Норвегия, Румыния және Иран құрамаларымен бір топта күш сынасады.
Қазақстан гандбол федерациясының президенті Гүлнәр Тұрлыханова әлем чемпионаты қарсаңында өз ойын ортаға салды. Гүлнар Смағұлқызының айтуынша, қыздарымыздың мақсаты – топтан шығу.
Бүгінде әлем чемпионатындағы қарсыластарымыз белгілі. Норвегия Токио олимпаидасында қола жүлде алған команда. Ал, Румыния болса әлем чепмпионатына үнемі қатысып келеді. Өте тәжірибелі команда. 2015 жылы олар әлемдік сайыстың қола медалін жеңіп алған мықты ұжым. Дегенмен,біз команданың алдына «топтан шығуымыз керек» деген мақсат қойып отырмыз. Жалпы, командалық спорт түрлерінің ерекшелігі сол, жекелеген спорт түрлерімен салыстырғанда мұнда арнайы іріктеу өтеді. Иорданияда өткен Азия чемпионатында біз алдымызға екі мақсат қойдық. Оның бірі – әлем чемпионатына жолдама алу. Екіншісі - үздік үштікке кіру. Біз екі мақсатымызға да қол жеткіздік. Бір әттеген-айы, Өзбекстанмен болған ойында негізгі құрамның үш ойыншысы жарақат алып, жартылай финалда Жапонияға қарсы шыға алмады. Соның өзінде біз олармен терезесі тең ойын көрсеттік. Бір қуанарлығы, қыздарымыз араға он бір жыл салып, Азия чемпионатынан медаль әкелді. 2010 жылдан бері үнемі төртінші орында қалып жүрдік. Биылғы құрам бұрынғы құраммен салыстырғанда жастардан жасақталған. Енді екі-үш жылда бұдан да жоғары нәтижеге жетуге тырысамыз, дейді Гүлнәр Смағұлқызы.
Әлем чемпионатына осал командалардың қатыспайтыны белгілі. Федерация президенті айтқандай, командалық спорт болғаннан кейін қатысушылардың барлығы іріктеуден өтеді. Десек те, Қазақстан құрамасына топтан шығуға тамаша мүмкіндік бар. Жарыс регламенті бойынша әр топтан үздік үш команда келесі айналымға жолдама алады. Ол үшін қыздарымыз Иран құрамасын ұтса жеткілікті. Азия құрлығында Корея, Жапония сияқты елдермен тайталасып жүрген Қазақстанға Иран қарсылас болып жарытпас деген ойдамыз. Оның үстіне Азия чемпионатының қола медалі үшін болған ойында ирандықтарды 38:33 есебімен жеңдік. Бұған дейін өткен өзара текетіресте де есемізді жіберген емеспіз.
Ал, Норвегия мен Румынияның жөні басқа. Норвегия – Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы. Үш рет әлемдік жарыста топ жарып, сегіз мәрте Еуропа чемпионатында суырылып шыққан. Былайша, айтқанда скандинавиялықтар топтың көшбасшысы ғана емес, әлем чемпионатының бас жүлдесінен басты үміткер командалардың бірі. Соңғы рет біздің қыздар Норвегиямен 2015 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойнап, 19:40 есебімен ұтылды.
Румыния құрамасымен Қазақстан осымен үшінші рет бір топқа түсіп отыр. 2015 жылғы жарыста бұл екі команданың арасындағы ойын 36:20 есебімен Румынияның пайдасына шешілген. Ал, 2019 жылғы дүниежүзілік додада румын қыздары екі доп айырмасымен ғана басым түсті – 22:20.
Қазақстан құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына 2007 жылы тұңғыш рет қатысты. Сол жарыста қыздарымыз Франция мен Хорватиядан ұтылғанымен Аргентинадан басым түсіп (26:22), әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Мадридтегі алғашқы ойынын Ляззат Ищанова шәкірттері 3 желтоқсанда Норвегияға қарсы өткізеді. Румыниямен 5 желтоқсанда ойнаймыз. Иранмен болатын шешуші бәсеке 7 желтоқсанға жоспарланған.