Райхан Имаханбет: «Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы бүгінгі ұрпақтың да темірқазығы болуы тиіс»

Қазынадан бөлінуі тиіс көмекті күтіп отырмыз.

Олжас Қасым

  • 29.03.2022

Отыз жылдық белестен асқан ел Тәуелсіздігінің арқасында қазақ жоғалтқанын тауып, кем-кетігін түгендеп келеді. Қасіретті қуғын-сүргіннен қиянат көрсе де, Алаш ардақтылары азаттықтың ақ таңы орнауына үлес қосты. Сол арыстардың аманатын орындау, елдікті сақтау соңындағы ұрпағына міндет. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы жер-жерде аталып өтуде. Осы ретте атап айтуымыз керек, сұңғыла ғалым, мемлекет қайраткерінің шығармашылық еңбектерін елге жеткізуде еселі еңбек сіңіріп жүрген жандар некен-саяқ. Солардың бірі ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан ИМАХАНБЕТ. Зерделі зерттеушімен айтулы жыл аясындағы Ахмет  мұраларының насихатталу барысы жайында әңгіме өрбіттік!   


– Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Мерейлі дата. Кезінде өзіңізге Алаш ардақтысының қызы Шолпан Ахаңның мұражай-үйін аманат етіп тапсырған екен. Қуанышқа орай, Сіздің себепкер болуыңызбен музей мемлекет балансына алынды. Мұражай-үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Мұражай-үйі деген атаулық ұғым құлаққа сондай жағымды естіледі, иә?! Елдің де құлағы үйреніп, қазақтың сөздік қоры толығып еді. Бірақ, әттеген-айы, қайтадан халықаралық термин музей сөзіне мәжбүрлі түрде көшірді...
Жә, музейдің ахуалына көшейік. Мемлекеттік мекеме болудың өзі – зор мәртебе. Оның үстіне қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттанудың ғана емес мемлекеттің де негізін салған әмбебап Ахметтей хас тұлғаның тұрған үйінің күні кешеге дейін «жекенің қолында болуы» ұлттығымызға сын болып келгені рас. Ол күндер артта қалды, «Көш жүре түзеледі» деген атаның баласымыз ғой. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаевтың 2020 жылғы наурыздағы өкімі аясында Алматы қаласы әкімдігі жүргізген шаралар негізінде Алаш ардақтысының жәдігері тағылым мектебінің ғимараты қала балансына өтті. Бұл үлкен – олжа.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы UNESCO деңгейінде мерекелеуге шешім қабылдату үшін 1 жыл 8 ай жұмыс жасаған белгілі заңгер-журналист, жазушы, ақын Әділбек Қабаның басшылығындағы мекеме мен оның ұжымына зор алғыс айтамын. Мұны бөле-жара айтуымның өзіндік себебі бар. Тіл саясаты комитеті көшпелі қазақ сықылды бірде Мәдениет және спорт министрлігі, сонан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтті. Осы аралықта біздің «шақшадай басымыз шарадай болған» талай жәйтті кештік. Қазақтың абыздары айтатын «Ақырын бер» дегендейін нәтижесі шүкіршілік.
Бұл күні 10 адамның ісін жалғыз атқарып шырылдаған баяғы Райхан жоқ, «қол ұзарды». Қазіргі уақытта «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК құрамына кірген Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің тыныс-тіршілігі оңалып келеді. Шынымды айтсам, Шолпан Ахметқызының аманаты орындалғанына тәуба деймін. Қалғаны уақыт еншісінде. Алдымызда мың сан жұмыс, оның ең ірісі – жылдар бойы күтім көрмеген музейді күрделі жөндеуден өткізу һәм жаңа жәдігерлермен жасақтау. Қазынадан бөлінуі тиіс көмекті күтіп отырмыз.
Қырағы жандарға аян көзайым жаңалықтар осы жылдың Ақпанында басталды. Мәселен, тарихи тұлғаның 150 жылдығына арналған кітаптардың жарыққа шыға бастауы соның дәлелі. Атап айтсақ, қостанайлық ғалым Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» атты екі тараудан тұратын кітабы Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының қолдауымен жарық көрді. Ұлт ұстазының мұрасын насихаттау үшін ТҮРКСОЙ ұйымы Ыстамбұл мен Анкарада Ақпанның 14–17-сі аралығында «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық конференция өткізді. Аталмыш жиында тұсауы кесілген «Ұлт ұстазы» кітабы оқырмандарға жол тартты. Қазақ елін селт еткізер жаңалығына бірінші болып қуанатын Түрік жұртшылығы адамзатқа үлгі болар өнегелі өмір иесі – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған салтанат шымылдығын алғашқылардың бірегейі болып ашты.
Ал, өз атамекенімізде Ақпанның 25-і күні Алаш Ардақтысын ұлықтау рәсімі Елорда төрінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында бастау алды. Алаштанушы ғалымдардың басын қосқан ұлы жиынды Мемлекет хатшысы Ерлан Қарин құттықтау сөзбен ашып, республика көлемінде аталуы тиіс мерекелік жиынның ноқтасы түрілді. Осы салтанатқа арнайы жасақталған «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы әдеби музейі» көшпелі көрмесінің құнды жәдігерлері жұртшылықтың көзайымына айналды. 
Ұлы жиын Алаш көсемінің атын иеленіп отырған Қостанай өңірлік университетінде жалғасын тапты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұлға туған өлкеде кемеңгердің мерекесі қарсаңында атқарылатын ісшаралар бағдарымен таныстырды. Жиын соңы ғалым мұрасын танытуға қосқан үлесі үшін еңбегі елеулі ғалымдарды Ахмет Байтұрсынұлы Құрмет медалімен марапаттауға ұласты. Осы құрметке мен де ие болдым. Бұл аз да болса еңбектің еленгені емес пе?!
 
– Ахметтану саласында зерттеу еңбектеріне енбей қалған кейбір тарихи деректерге де тереңдей еніп, жарыққа шығардыңыз. Ғалым еңбектерін тауып, әдістемелік мақалалар, монографиялар мен көркем әдеби эссе жазып жүрсіз. Алаш ардақтысының елге беймәлім болып келген қандай еңбектері Сіздің назарыңызды аударды?

– Осыдан 12 жыл бұрын жарық көрген «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты кітабымды толықтырып дайындадым, үш тілде шығару жұмысы қарбалас жүруде. Қазақшасы беттелуде. Бір қызығы, бұл жинаққа Үкімет тарапынан қаржы бөлінген жоқ! Жыл басында сауал жолдағанмын, бірақ сиырқұйымшықтанып кетті. Түрікшесі редакциялануда, аудармашы – Ашур Өздемир. Қазақ тілін һәм қазақы болмысты жетік меңгерген маман, PhD. Кония қaлaсындaғы Селчук университетiнiң түлегі. Ағылшыншасымен елімізге танымал әдеби агент Бақтыгүл Маханбетова айналысуда, төртінші тоқсандыққа үлгертіп шығарту жағын қарастырудамыз. Барлығы да сол баяғы қаржыға байланысты «қолбайлаулар» бар.  
«Жыртық үйдің Құдайы бар» демекші, түрікше нұсқасын Халықаралық Түркі академиясы шығарып беруге ниеттенгені көңілге медеу. Бұл мекемеге үлкен үміт артып отырған жәйім бар. Өздеріңізге де БАҚ арқылы мәлім болар. Жыл жаршысы – Амал мерекесі Наурыздың 14-і күні Түркі академиясы тұғырлы тұлғаларымыз: Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен М.Әуезовтің 125 жылдығына орай, Ұлттық кітапханада «Ұлылар үндестігі» атты алқалы жиын өткізді. Басқосуда академия тарапынан шығарылған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» атты жинақтың тұсаукесері болды. Бұл жинақтың ерекшелігі – ағылшын, чех тіліндегі нұсқалары ҚР-ның Чехиядағы елшілігімен бірлесіп жарық көретінін айтқан болатын. Жуырда ғана сол мемлекеттегі ҚР Елшілігінің бастамасымен аталған жинақтың тұсаукесер рәсімі өтіпті. Салтанатты жиынға Карлов университетінің, Чехия Ұлттық кітапханасы, журналистер мен «Қазақстан достары» клубының өкілдері атсалысқан. 
Біздің ел тарапынан онлайн режимінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Сатай Сыздықов, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Алтайы Оразбаева қатысыпты. Әлемде болып жатқан ахуалдарға қарамастан, Ұлт Ұстазын ұлықтау жиының жалғасын тауып жатқаны руханиятқа бет алғанымыздың көрсеткіші.

– Жыл сайын «Ахмет оқуларын», көрнекті тұлға мұрасын насихаттау жұмыстарын өткізіп келесіз. Биыл атқарылған істерді саралап, есеп беретін уақыт. Ахметтануда неге қол жеткіздік, көңіл қынжылтарлық жайттар бар ма?

– Егемендік алғаннан бері ғылымда жүріп жатқан жаңару үрдісі өткен тарихымызды жан-жақты дұрыс бағалауға, рухани құндылықтарды қазіргі оқу-ағарту, тәрбие беру ісінде кеңінен пайдалануға жол ашты. Әсіресе ұлттық педагогикамыздың жаңғыруына байланысты ұлттық болмыстың бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қажет екені анық. Осы бағыт бойынша ахметтану мәселесінің көкейкестілігі және оның ұлттық ғылым тұрғысынан зерттелуі кенде емес. Бұл күні 32 туындыгердің (кейбірінде бірнеше кітап) ағартушының мұрасына тікелей қатысты жазылған 40-қа таяу еңбек бар. Оның 1-еуі роман, 1-еуі ғашықтық дастан, 1 фотожинақ, 1 ғылыми жинақ. Қалған 36 ғылыми зерттеулер. Мұнан бөлек, 1 энциклопедия, 3 библиографиялық көрсеткіш және 30-ға жуық халықаралық, 50-ден аса республикалық конференция материалдары бар.
Ақиқатында, әр дәуірдің замана ауанына қарай, адам баласына жүктер жұмысы көп. Сол жұмыстың атқарылуы – әуелі, адалдықтан бастау алса, адамзат игілігіне айналары анық. Ата-баба жолын мұрат тұтқан Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы бүгінгі ұрпақтың да мақсат-мұраты һәм темірқазығы болуы тиіс.
Ұлт ұстазының шығармашылық мұрасын зерттеп-зерделеген еңбектер легі жетерлік. Ендеше, оқу-ағарту саласындағы білім беру үдерісінде Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтарын негізгі ПӘН көзіне айналдыруға еш кедергі жоқ. Ал да пайдалан, алға ұлттық болмысыңмен жылжы. Алаш мұрасын заманауи форматқа салып, жаңа үлгіде оқыту – бүгінгі тәуелсіздік кезең ғылымының қалауындағы формалді дүние. Дүниеге кім ие екендігі аян. Ендеше, ахметтану мәселесіндегі қордаланған материалдарды ұрпақ тәрбиесіне жаратпау – ғылым саласында жүрген сіз бен бізге сын.

-Сұхбатыңызға рахмет!