Сахидың салынбай қалған суреті    

- Амансың ба, қызым?  «Есімің кім?» деді сосын жылдамырақ сөйлеп.  Атымды айттым. Қайда оқитынымды да сұрады.

Олжас Қасым

  • 08.03.2022

   
Бұл әңгімені сырлас суретші ағамның шеберханасында отырғанда естідім.  Қылқалам шебері өзінің әйгілі «Күту», «Жанталас», «Мұңлы әуен» картиналарының жазылу тарихын айтып болып, шылым шегетін орынға беттеді.  Суретшінің езуінен ырғатыла шыққан темекінің көкшулан түтіні билеп-билеп барып ауаға сіңеді.  
-    Сен суретші Сахи Романовты білетін боларсың?
-    Білемін ғой...  
-    Сахидың салынбаған суретінің кейіпкері бар еді. Өзімнің әпкем.  Саған жақсы тақырып. Жазуыңа болады.  
-    Салынбаған суреттің кейіпкері... 
Елең еттім. 
- Суретін не үшін салмады екен? 
Ағама сұрақты бірінен соң бірін жаудырып жатырмын.   
-    Ол осында тұрады. Саған бәрін айтсам қызық болмай қалар.  Өзінен сұрап білерсің!!!


Осы кездесуден соң суретшімен жүздесудің сәті түспей кетті. Арада төрт жыл өтіпті.  Жақында кітапханадан Сахи Романов туралы кітапты кездейсоқ ұшырата қалғанда  сана түкпірінде сағымданған әңгіме қайта қоздаған...
Таныс-білістерден сұрастыра жүріп кейіпкерімнің байланыс нөмірін таптым. Елордадағы жоғары оқу орнының бірінде сабақ береді екен. Сахи Романов туралы сұрағанымда ол оқиғаны ұмытыңқырай бастағанын,  толығырақ еске түсіруі үшін келесі күні хабарласуымды өтінді.  Келістік.

С.Романовтың "Ұлттық киімдегі қыз" картинасы 


- Менің есімім – Айжан. Өзім Қарадала өңірінің тумасымын,- деп бастады әңгімесін кейіпкерім.  - 1995 жыл. АГУ-дың 1-ші курсына қабылданған кезім. Ауылдағы бейғам шақтар артта қалған. Жаңа достар. Жаңа ортаға жатырқай ене бастаған уақытымыз. Жатақханада тұрамын. Көктем мезгілі болатын. Бірде автобуспен 28 Панфиловшылар паркі аялдамасынан түстім. Бір жаққа бара жатқан болуым керек.  Аялдамада аз-кем бөгеліп, тұрып қалыппын.  Кенет, қарама қарсы жерден жасы егде тартқан, сәнді киінген, басында қаракөл матадан тігілген папағы бар, үстінде қоңыр плащы, селдір мұртты бейтаныс адамның менен көз алмай қарап тұрғанын байқадым.  Ол тесіле қарап сәл тұрды да маған қарай жақындап келді.  Жол сұрау үшін келе жатқан шығар деп ойладым.  Алдымен елпілдеп өзім амандасып жатырмын. 


- Амансың ба, қызым?  «Есімің кім?» деді сосын жылдамырақ сөйлеп.  Атымды айттым. Қайда оқитынымды да сұрады.  АГУ-де, филфакта. Мына жерде ғой... Ауылдан келдің бе? Мен «жоқ, қалада оқимын» деп ауылдан келгенімді өзімше жасырып тұрмын. «Ааа, бері тұршы» деп қасыма жақындады. Сәл үнсіздіктен кейін қарт адам «мен сенің суретіңді саламын» деді. Қалаға жаңа келген ауыл қызына бейтаныс жанның бұл сөзі мүлдем тосын әрі оғаштау естілгендей болды. «Жоқ, аға, болмайды» деппін барар бағытыма асығып...  
Қария басымдағы төбетейге де назар салып қарағандай болды. «Маған керексің! Дәл осы образды іздеп, кездестіре алмай жүр едім. Бүгін өзіңнен таптым. Ертең шеберханама келші, Никольский базары жақта»,- деді.  

С.Романовтың "Қойшының қызы" туындысы 

 

Мұндай жәйтті алғаш рет бастан өткерген мен үшін қарттың бұл әрекеті санама сыймайтындай. Тағы да басымды шайқадым.  
Ол асығыс қалтасынан блокнотын алып, соның бір парағына өзінің мекенжайын жазып қалдырды.  Жазуы маржандай екен.  Өрнегі де өзгеше.  
Қағазды алдым да жүрер бағытыма қарай жөнеле бердім. 
Сол кездерді ойша көз алдыма елестете отырып, Айжанға қылқалам иесінің көзімен қарап қоямын.  Суретшінің ықыласы түскен кейіпкеріміз  қырықтың қырқасынан асса да өңін бермеген. Желкілдеген жас дәуренінде «па, шіркін» дегізетіндей сұлу болғаны, әлі де әлпетінен әсемдіктің нышаны қайта қоймағаны байқалады. Оқушы болып жүргенде бірнеше рет «Қыз сынынан» мүдірмей өтіп, мәреге сүрінбей жеткені және бар.  Қаланың көп сұлуынан ауылдың сәмбіталдай қызының қоңыр табиғатымен бөлектеніп тұратыны да мәлім-ді. Суретшінің келбетті студент қызға назарының ауғаны – кейіпкердің жаттанды емес, боямасыз бейнесінде жатқандай.

  
Халық суретшісі Сахи Романов атақты «Қырық өтірік», «Алдар көсе», «Отан аясында», «Құрманғазы», «Жайлаудағы кеш», «Жас шопандар», «Туған өлке» секілді кесек туындыларымен танымал. Бейбіт өмір, жасампаз еңбек адамдары, халық этнографиясынан тамыр тартатын суреттері шынайылығымен баурайды.  Суретші бірнеше жыл «Қазақфильм» студиясында қызмет атқарғаны мәлім. Кинематография бағытында жүргендіктен де кейіпкер таңдауда ол өзгелерден бір қадам алда тұратындай. Кино саласына бар қажыр-қайратын жұмсап, көптеген фильмге декорация эскизін жасаған. Туындыларының көпшілігі сол кездегі қызметі барысында салынғаны белгілі.  Ал бұл жолы қылқалам иесі еркін жұмыс барысындағы полотносын салғысы келді ме екен?


Жоқ, әлде басқа сыры бар ма?!... Сахи Романовтың туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай өңірі. Орталық Қазақстандағы ең биік тау – Ақсораңның етегінде өмір есігін ашыпты.  Бір деректерде Қызылорданың Қазалы ауданы деп айтылып жүр. Кейіннен суретші Ақтоғайға арнайы барып, мерейтойын өткізіп, халықпен қауышқан кезінде кіндік қаны тамған жер осы өлке екенін растаған. Белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан «Тауқыметті тағдыр» мақаласында Сахидың өксікке толы өмірі жайында тың деректер келтіреді. «Әкесі Әлтікейұлы Түсіпбек ескіше сауатын ашқан, еті тірі қабылетті адам болған көрінеді. 1930 жылдары Арқа өңірінде Боқты, Шұбартау, Тоқырауын көтерілістерінің белең алуы Түсіпбек сияқты аптал азаматтарды қатарына тартқаны белгілі. Соның салдарынан Түсіпбекке де «көтерілісші болдың», деген нақақ айып тағылып, басқа да жалған жаламен сотталып кете барған. Бұл тауқымет алапат ашаршылыққа ұласып қазақ даласын жайлаған нәубеттің бұғалығы апалы-інілі Мәрияш пен Сахидың мойындарына да түскен. Көкше теңізге бет алған ауылдастарымен бірге Балқашқа жетіп, қамыс төселген жеркепеде жатып, көлдің балығымен өзек жалғап, өлместің күнін кешіп жүргенде ересек апасынан ажырап қалып, панасыз балаларды ұстап алып детдомдарға жіберетіндердің қолына түсіп, орыннан орын ауыстырумен жүріп, Орынбордың Сарықташ ауданынан бір-ақ шыққан. Одан арғы 11 жылы жетім балалар үйлері мен интернатында әкенің мейірімін көрмей, ананың аялы алақанын сезбей, жапанда қалғандай жалғыздықпен, елесті күндерді еске түсіре алмай, торығу мен күйзелісте өткен»,- дейді қаламгер.  Романовтың өмірбаянында оның қосалқы есімі Александр Иванович деп жазылып жүр. Оған бұл есім балалар үйінде қойылуы мүмкін деп топшылаймыз.

С.Романовтың "Қыз бен күлік" картинасы  

Нәубет жылдары Сахи әпкесі Мәрияштан  бөлек кетті.  Анасынан қапыда көз жазғаны жанына мұң жамап жүргенде, жүрегінен жұлып берер Мәрияшынан алыстауы тіпті құлазытты. Ана мейіріміне, әпкенің ізгі көңіліне қаталап шөлдегені анық-ты.  Сағынышын еселеген ет жақындарын егіле еске алғандағы көңіл-күй ауанын осы бір кездейсоқ бейнемен ажырағысыз қалыпта сезінгісі келгендей ме? Меніңше Сахи салмақ болған Айжанның бейнесін оның ана шапағатын іштей іздеуі мен Мәрияшқа деген жан сусатқан қастерлі аңсары деп түсінуіміз керек.  Ол өмір бойы уақыт көмескілеген бір бейнені таусыла іздеді...

  
Сан түрлі ойлардың шырмауынан мені  кейіпкерімнің ары қарай жалғасқан әңгімесі алып шықты.  – Жатақханаға күн бата келдім. Бөлмеде  жалғыз өзім шәй ішіп отырмын. Асығыстау терезе алдына қоя салған суретшінің бір парақ қағазы сырттан соққан майда желден еденге сырғып түскен. Парақты қолыма алып оқи бергенім сол еді группаласымның інісі кіріп келді. Әпкесі Сандуғашты іздей келіпті.  Досымның бөгеліп жатқанын айттым. Бұл жігіт худграфта оқитын. Қолымдағы бейтаныс жанның қолтаңбалы қағазын оған ұсына бердім. Бағана көшеде бөгде адамның жолыққанын, менің суретімді салғысы келетінін, одан бас тартқанымды, кейін бейтаныс жан осы бір парақты табыстап кеткенін айтып жатырмын. Суретші жігіттің көзі атыздай болып кеткен. «Сенің суретіңді салам дей ме?  Неге келіспедің? Сені мен-ақ ертіп апарайын. Өзім де жақын танысайын» деп самбырлап тұр. Сол кезде есік қағылды да суретші өзін біреулер күтіп тұрғанын айтып шыға берді.Мен болсам өзіммен өзім шарпылысқан түрлі ойдың ішінде отырмын. Суретшілер – шығармашылықтың адамы ғой. Бойындағы сезімін іркіп қала алмайтын, көрсеқызар, муза іздеп мың құбылатын... Сондай түсініксіз тұлғалар... Бір ғана Пикассоның өмірі бұл ойыма мысал емес пе? Француаза, Фернанда, Ольга, Мари-Терез... Суретшілердің бәрі осындай шығар... 


Кейіпкеріміздің бұлай ойлауының да өз себебі бар. Ар-ұятты бәрінен жоғары қоятын, ата-ананың назарындағы,  жасы үлкенге сыпайы сөйлейтін, әдептен аспаған ауыл баласы үшін алып қала – ашылмаған аралдай... Жақының кім, жатың кім, жанашырың кім – түсініп болмас... Әр көшеде адасқаныңдай – әр жанарды оқисың... Өзіңе ғана таныс ауыл емес, діттеген жеріңе бару үшін өзгелерге жаутаңдайсың... Өзін іздеп шығып, өзін таппай қалғандар қаншама... Бір уыс шуаққа шөлдеп бір құлаш суыққа шалынғандар аз ба?  Осындай таным-түйсікпен Айжан қыз айларды аунатып, жылдарды өткеріп жатты... Студенттік шақтың үш жылы сырғып өтіп, төртінші курсқа беттеген кез. 


-    Төртінші курсты оқып жатқан кезім.  Бірде КазГУ-да оқитын сіңіліме бармақ болып автобусқа міндім. Бұл Тимирязев көшесініңбойы, бұрынғы ГДНХ, қазіргі Атакент аялдамасы.  Автобустың алдыңғы жағында адам қарасы көбірек болғандықтан, ақырындап артқы жағына өттім. Терезеден сап-сары түске боялған сап түзеген ағаштар сырғып өтіп барады. Олардың арасында күздің әмірін мойындағысы келмегендей жасылын сақтап қалғандары да көзге шалынады. Содан соң қайта сап-сары талдар... Сосын қызғылт реңкті балауса тал-теректер... Кенет бір тұстан «Айжан» деген үн шықты...  Сәл әріректе басында қара шляпасы бар, мойнына шарф  ораған, көзі өткір, мұртына ақ кірген қария отыр.  «Айжан» деп өзіне қарай шақырды..  Қасына барғанымда бейнебір таныс адамдай «Қалың қалай? Көзіңнен танып тұрмын. Сен Айжансың ғой, сен Айжансың ғой» деп сөзін қайталай берді. Мен оны танымай, бұл кім дегендей түсініксіз күйге түстім.  «Сен сол жолы неге келмедің?Бүкіл жұмысымды тоқтатып қойып сені күттім ғой» деп қабағын түйе сөйледі.  Айналадағы жолаушылардан ыңғайсыздандым ба, ештеңе демедім. Сосын қай аялдамадан түсетінімді сұрады. КазГУ дегенімде ол да сол жерден түсетінін айтты.

                                                

С.Романовтың портреті 
Аялдамадан бірге түстік. Күн салқындау болатын. Қарт суретші бұдан үш жыл бұрын жүздескенімізді еске түсірді.  Жүзінде әлденеге кейіс, әлде ұмыт болып бара жатып қайта қоздаған реніш бар сияқты... «Сен сол жолы неге келмедің? Сен өзі қандай баласың? Саған бекер таңдау жасаған жоқпын. Бұл образды қалай да кенеп бетіне түсіріп кетуім керек». Осылай деді де ол аянышты кейіппен қарады. «Күн салқын ғой, неге басыңа кимегенсің? деп сұрап жатыр.  Іле-шала «сен баратын жеріңе барып кел де бір сағаттан соң осы аялдамада тұр. Мен қазір бір маңызды шаруамды аяқтап келейін. Еш ыңғайсызданба, қасыңа құрбыңды ертіп шық болмаса» деді. Сөйтіп екеуміз екі жаққа кеттік...

    Сахи Романов – бейнелеу өнеріндегі кескіндеме, портрет жанрын өрістеткен суреткер.  Оның «Ақынның суреті», «Автопортрет», «Жамбыл Жабаев», «Жазылбек Қуанышбаев», «Шәкен Айманов»сынды портрет жанрындағы туындылары ішкі үйлесімімен, өзгеше мәнерімен, селбескен бояуларымен өзгеше. Көзіңді бірден суарып алмай, жайымен ғана өзіне тартатын кереғар түстер, хроматикалық реңктер – картиналарға айрықша құдырет дарытатындай.  Суретшінің осы бағыттағы еселі еңбегінің бірі – Аралдағы балықшы әйелдің бейнесі.  Жылы және суық бояулардың артық-кемі жоқ үйлесімі еңбек адамының ішкі толқынысы, жан райынан хабар береді. Сахи Романов әйел-ана тақырыбын бастап, толығымен аша алмай кеткен секілді көрінеді.  Айталық, «Әже», «Қайран шешем», «Бесік», «Қонақта», «О, менің анам» (Соңғы уақытта суретшінің осындай тақырыптағы суреті бар екенін білдік. Әзірше ол сурет қолымызға түспеді). ред. секілді ұласпалы полотналары жетім өскен жанның анаға деген сарқылмас сағынышы, жүректе мызғымай сәт сайын оянған ұлы аңсарынан сыр тартатындай...  Және бұл - Кеңестік кезең келмеске кетіп, Тәуелсіздік таңы атқан уақыт. Топтық портреттер сериясы өмірдің ағысына енді ілескен, санасы еркін, ойы Тәуелсіз, жаңа дәуірге аяқ басқанжаңа толқынның бейнесіне ауа бастағанын аңғарамыз...

                       

Сахи Романовтың "Күнмен кездесу" туындысы   
Айжан студенттік шақтағы альбомдарын парақтай отырып төртінші курстағы суретін алып шықты. Бір топ қыз АГУ-дың алдында. Семестрді жауып, иыққа түскен емтиханнан босаған кез, бәлкім... Әлде, құрбылармен серуенге бара жатқан немесе келе жатқан мезет! Көңіл-күйлері жайдары, жүздерінде күлкі.  Ерекше толқынысты күймен кейіпкерім сөзін ары қарай сабақтады.  
- Жатақханада көптен көрмеген сіңіліммен әңгімелесіп, оның достарымен қауқылдасып отырып қалыппын.  Аялдамаға келемін дегенше бір сағаттан асып та кеткен. Күздің қоңыр салқыны бойды билеп, әжептәуір жауратып тастады. Аялдамада адам қарасы көп екен. Көпшілігі студенттер. Егде жастағы адамдар бірен-саран. Олардың арасында қарт суретші көрінбейді.  Ол күтіп-күтіп кетіп қалған шығар, мүмкін келе жатыр ма екен?! Кешіккен шығармын. Құлағыма оның «сен Айжансың ғой, Айжансың ғой» деген жарқын дауысы естілгендей болады. Қылқалам иесі келіп қалса не істеймін? Ертеңгі сабағыма да дайындалған жоқпын.  Осындай ойлармен шарпысып тұрғанда күттірген автобусым да  ыңыранып жетті. Есентайдың маңынан өткенде жағалаудан алысырақ тұста басында шляпасы бар бір адамның сұлбасы көзіме шалынды. Мүмкін келе жатқан шығар дедім... Ол емес сияқты бірақ...  Біз ары қарай жүре бердік.

                                         С.Романовтың автопортреті. 1968 ж 
2002 жыл, желтоқсанның 6-шы жұлдызы. Сұңғыла суретші Сахи Романов дүниеден озды. Сол күн Айжанның әлі де ойынан кетпейді.  «Ол кезде тұрмысқа шығып, Көкшетауға қоныс аударғанмын. Үйде шаруа істеп жатып теледидарға көзім түсті. Некролог беріліп жатыр екен. Диктор «Бүгін халық суретшісі, әйгілі кескіндемеші, кино суретшісі Сахи Романов өмірден өтті» деп хабарлады. Мен сол кезде ғана қылқалам шеберінің үлкен өнер адамы, шынайы суреткер, бейнелеу өнерінің саңлағы екенін түйсіндім. Суретшінің екі мәрте жасаған өтінішіне мойын бұрмағаныма, картинасына бейнем енбегеніне іштей өкіндім», - дейді.

   
Иә, осылайша Айжан қыз әйгілі суретшімен екі мәрте жолығыпты. Мүмкін сәтсіздік болар, бәлкім қиыспаған жолдар солай өрілді. 
Әлемдік бейнелеу өнерінде, суретшілер өмірінде  сәтсіздікпен аяқталған мұндай жағдайлар аз емес. Қаншама суретшінің танымал картиналары түрлі себептермен салынбай, іште өлгені мәлім. Мәселен,  көрнекті Суретші  Сергей Калмыков «Алматы сюитасы» атты этюдтер мен композициялар топтамасын жасамақ ниетте болған.  1944 жылы Қазақстан Суретшілер одағына жазған хатында «Менің идеалым мен аяқталған жұмысым еркін және қысылып-қымтырылмайтын, бірден сәтті шығатын пәк әрі көркем дүние болуы керек. Өміршең туынды бір деммен салынуы тиіс» деп жазады. Сан мәрте құбылған саяси өзгерістердің салдарынан Калмыковтың аңсарындағы Алматы сурет тілінде сөйлей алмады.  Даңққа кеш жеткен Иоганнес Вермеердің қарызын өтеу үшін сурет салып, сол жолда қаншама туындысын санасында күйреткенін ойласаң жаныңды зіл басады. Әйгілі суретші  Ивановтың 20 жыл бойы  бейнелеп, толғатып,  аяқталмаған полотносы зерттеушілер назарын бекер аудармаса керек-ті. 


Мәлік Хайдаров картинаны «суретшінің уақыт өте келе өз ойын сеніп бөлісетін ең сенімді досы. Олар үйлесімділік үшін көп нәрсені құрбандыққа шалады» дейді. Мүмкін солай шығар. Сахидың құрбандығы – уақыты.   Алайда бейнелеу өнерінің «жазылмаған   заңына» сүйенсек, кенеп бетіне түспеген образдар автор қиялында үнемі өмір сүреді. Бір туындыдан келесі туындыға көшіп отырмақ.   Сахи Романовтың көркемдік әлемінен орын алған кейіпкер жарыққа шықпай жатқан кейбір картиналарының бір бөлігінде бәдізделген болуы кәдік. Бәлкім,  нағыз сурет салынбаған сурет шығар! 
 

Олжас ҚАСЫМ  

Байланысты жаналықтар

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

14.11.2024

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

09.11.2024
MalimBlocks
Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

Ол қызды құлатып, баспалдақтан төмен қарай сыртқы есіке дейін жармасып барады

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

Алатау қаласын дамыту мәселесі қаралды