Сұлтан Бейбарыс мұрасы жаңаша зерделенеді  

Malim Админ

  • 23.05.2023

Биыл –Дешті Қыпшақтың даңқты перзенті, Мысырды билеген, алып мемлекеттің тұғырын нықтаған Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл. Бұл айтулы датаның Қазақстан мен Мысыр үшін  жөні бөлек.  Тарихи тұлға қос елдің арасындағы алтын көпір іспеттес. Мемлекеттер арасындағы екі жақты қарым-қатынас бұрыннан бері қалыптасып, дамып келеді. Соның бір жарқын мысалы – екі елдің бірлесе іске асырған жобасы – Бейбарыс сұлтан мешітінің реставрациялануы. Тарихи нысан әйгілі сұлтанның мұрындық болуымен бой көтергені белгілі. Аталмыш мешіт бүгінде Каир қаласындағы қастерлі орындардың бірі саналады.

Өткен жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Азһар университетінің өкілі  Ахмад ат-Тайебпен кездесіп, мерейтой аясында мәдени ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаласқан.   Атап айтқанда, Қазақстан мен Мысырдың мұрағат ісі саласындағы байланысын жандандыруға келіскен. Музейлердегі құнды құжаттардың жарияланымдарымен алмасу жөнінде келіссөз жүргізген. Осы ретте Ұлттық мұрағат қорлары қос халықтың өнер-мәдениеті һәм тарихы туралы құжаттарды түгендеу, толықтыру жұмыстарын бастады.  Ілкімді іс мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізілмек.     

Жуырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына байланысты Қазақстанның мысыр еліндегі мәдени күндері өтеді. Ауқымды шара әлемдік ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерін бір арнаға тоғыстырғалы отыр. 

Каирде Қазақстан, Нидерланды, Мысыр және өзге де мемлекеттер өкілдерінің басын қосқан халықаралықғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.

Қазақстандағы қыпшақ-мәмлүк мұрасы, Бейбарыстың ислам дәуіріндегі маңызы, тарих парағына бәдіздеген қолбасшы бейнесі – ғалымдар алдында тұрған жауапты міндет.  Көрнекті ғалымдар бұл жолы осы  іргелі тақырып жөнінде ой-пікірлерін ортаға салады.   

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, осындай басқосулар бейбарыстанушыларға тәжірибе алмасуға және тұлға өміріне  жаңаша көзқараспен қарауға жол ашады. «Әйгілі билеушінің әлем тарихындағы орны қомақты. Мәнді мәжілісте Бейбарыс сұлтанның дипломатия, өнер, ислам бағытындағы маңызы туралы көптеген қызықты деректер алға тартылады», – деді ол. 

Еске сала кетейік, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай 600-ден астам арнайы іс-шара өткізіледі.