Той өткізу тәртібін заңмен реттеу керек

Тойды модернизациялаған дұрыс па? Бүгінгі қазақ тойы қандай той? Тойда ымыдар, салт-дәстүрлер қалай орындалып жүр? Осы сұрақтар төңірегінде белгілі этнограф Болат Бопайұлымен әңгімелескен едік.

Malim Админ

  • 27.09.2024

Қазіргі тойға көңілім тоймайды

– Қазір тойға қатысты көп сын айтылады. Салт-дәстүрдің ең көп орындалатын жері осы той ғой. Бүгінгі той мәдениетіне көңіліңіз тола ма?

–  Қазақтың тойы ежелден ұлттың өмірінің маңызды институты болған. Ол тек қуаныштың символы емес, әлеуметтік қарым-қатынас пен мәдени мұраларды сақтап қалудың құралы еді. Бүгінгі таңда тойлар көбінесе даңғазалыққа айналып барады. Көп жосын-жорылғыларымыз бұрмаланып, байлық пен барлықты көрсетудің ортасына айналып кетті. Жосықсыз би, орынсыз әзіл көбейді.

Бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қолдану қажет.

Даңғазалық қайдан пайда болады? Қазіргі кезде тойлар өз мағынасынан айырылып, үлкен шығындарға, ұятсыз би мен сөздерге толы іс-шараға айналып барады. Оың себептері:

Мұның бірінші себебі: материалдық жарыс. Көптеген адамдар тойды мәртебе көрсету үшін жасайды, бұл үлкен шығындарға, басқалардан асу мақсатындағы бәсекеге әкеледі.Сондай-ақ, мағынасыз жоралғылар да көп. Кейбір дәстүрлер шын мәнінде ұмытылған немесе дұрыс түсінілмей қалған. Осының салдарынан тойларда орынсыз жоралғылар жасалып, жадағай рәсімдер орындалатын болды.

– Той мәдениетін қалай жақсартуға болады?

– Даңғазалық пен мағынасыздықты жою үшін тойларды жаңаша ұйымдастырып, оған нақты ережелер мен шектеулер енгізу қажет.

Тойдың басты мақсаты – қуаныш бөлісу, қоғамның бірлігін көрсету. Біз осыны дұрыс түсінуге, соны іске асыруға тиіспіз. Сондықтан тойдағы қонақтар мен ұйымдастырушылардың көңіл көтеру форматы мәдениетті, рухани болуы тиіс.

Ол үшін то ой өткізу жосынын реттеу керек. Белгілі бір шектеулер енгізу қажет. Мысалы, тойларда алкогольді ішімдік пен шектен тыс шығындарды азайту үшін заң жүзінде шектеу қоюға болады. Кейбір елдерде тойға жұмсалатын қаржыға шектеу енгізу арқылы қоғамда бұл мәселені шешкен мысалдар бар.

Қазақстанда той өткізу тәртібін заңмен реттеу мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Тойға кететін шығындарды азайту, белгілі бір стандарттарды ұстану туралы ұсыныстар айтылғанымен, әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Егер тойдың белгілі бір ережелерін заңмен бекіту керек болса, алдымен шығындарды азайтуды қолға алған жөн. Кредит алып той жасау не сұмдық? Бұрынғы той – ырыс еді. Қазіргі той шығын. Бұрын тойды ауыл-аймақ, туыс-жекжат бірігіп өткізетін. Тойды ырыс-құт санайтын. Қазір заман өзгерді. Орынсыз сырапшылдықты жою керек. Мысалы, белгілі бір адам санына, тағам түріне, музыкалық бағдарламаға байланысты шектеулер енгізген дұрыс. Миллион теңге ақы төлеп асаба жалдау, әнші шақыру неге керек? Бұрын той өткізуші ауылдың ішінен асаба шығатын. Ол сол ауылды, той өткізуші отбасын, бауыр-туыс арасындағы байланысты жақсы білетін. Ешкім сырттан асаба жалдамайтын. Егер нақты ережелер мен тәртіптік нормалар енгізілсе, халық та оның пайдалы екенін түсінеді. Бірте-бірте ол дәстүрге айналады.

– Әңгімеңізге рахмет!

                                                                                      Әңгімелескен А.Күнтуған.

MalimBlocks
Отбасы және қазақ әйелі

Бұл кезеңде қазақ әйелдері дәрігер, мұғалім, ғалым, саясаткер, ақын, жазушы, әкім сияқты маңызды салаларда қызмет етіп, қоғамның дамуына үлес қосты.