Отбасы және қазақ әйелі

Бұл кезеңде қазақ әйелдері дәрігер, мұғалім, ғалым, саясаткер, ақын, жазушы, әкім сияқты маңызды салаларда қызмет етіп, қоғамның дамуына үлес қосты.

Malim Админ

  • 25.09.2024

Болат Бопай, этнограф-жазушы

 

Әйел – отбасының қайнар көзі

Қазақ қоғамында әйел адам отбасы өмір-тіршілігінің негізгі қайнары есептелген. Олардың қоғамдық мәртебесі ата дәстүр мен діни жоралғы, шәриғат заңдарына байланысты қалыптасқан. Әрине, құқық жағынан белгілі шектеулер болғаны анық, дегенмен, көп жағдайда әйелдерге маңызды құқықтық еркіндік берілген. Мысалы, мүліктік құқық туралы айталық. Әйелдің өзінің жасауы, төркіні берген аты, малы, қысқаша айтқанда, өзінің мүлкі болған. Жасауын қалай жарату, сақтау, үлестіру, анадан мирас ретінде кейінгіге қалдыру құқығы қорғалған. Ал қоғамдық өмірде әйелдер тек қана үй шаруасымен шектелмеген, олар ер адамдармен қатар шаруашылық жұмыстарын атқарған. Олар атқа мініп, мал қайырып, тіпті аңшықылпен де айналысқан. Ел басына қатер төнгенде жауға шауып, батыр болып көзге де түскен. Дала заңының артықшылығы сол, әйелдердің құқығы көп жағдайда ерлермен тең қойған. Бұған тарихымыздағы батыр, дана, ел басқарған талай аналарымызды айта аламыз. Қазақ аналары отбасының басшысы ретінде балалардың тәрбиесіне, отаудың шаруасына жауап берген. Тіпті күйеуі жоқ болса да, қауымның шешімдеріне қатысып, ерлермен бірдей деңгейде шешім қабылдайтын құқығы болған.

Қазақ тарихына зер сала қарасақ, дана аналарымыз көп қой. Біздегі ірі тайпалар мен рулардың ана атымен аталатыны соның бір дәлелі болса керек. Қазақтың ру-тайпаларының ішінде аналардың есімі ерекше қастерлі. Жер-су аттарында да көп кездеседі. Мысалы, керей руынан шыққан Бибіжамал ананың атымен аталатын жер аты бар. Қазақ тарихында әйгілі аналар тек отбасы, ошақ қасында емес, тұтас елді басқарып, бір тайпаның көсемі болған кез аз емес. Батыр аналар жайындағы аңыздар тіптен көп.

Қазақ халқының тарихында сақ, ғұн, алан, үйсін, сармат дәуірінен бері келе жатқан ұлы аналардың ұлтымыздың дастандарында, аңыздарында, мифтерінде есімдері ерекше аталады.  Қыз жібек, Домалақ ана, Айша бибі секілді аңыздар мен тарихи тұлғалар әйелдердің қоғамдағы ерекше мәртебесін бейнелейді.

АБіздің тарихымызда ұлы аналар өте көп. Айталық, Томирис (Тұмар) (б.з.д. VI ғ.), Зарина (б.з.д. VII-VI ғғ.) секілді сақ пайташйымдары, Альпиния (б.з.д. IV-III ғғ.) секілді сармат патшайымы секілді ерен тұлғалар өмірден өткен. Олар елдің сыртқы және ішкі саясатының бағдарын анықтап, тарихта аты қалған. Айша бибі, Қарашаш ана, Абақ ана, Домалақ ана, қызай ана, Зере, Ұлжан, Сүйінбике секілді аналар, Бопай, Айғаным, Фатима секілді хан-сұлтандардың жарлары мен қарындастары, күні кеше соғыста айрықша ерлік көрсеткен Әлия мен Мәншүк бастаған батырлар – қазақ аналарының ежелден ерекше құрметке ие болғанының, олардың еркіндігі мен әлеуметтік-саяси ортада ықпалының зор болғандығының айқын дәлелі. Бұл аналар халқымыздың  рухани және тарихи дамуына орасан зор үлес қосып, өздерінің өмірі мен ерліктері арқылы ұрпақтарға үлгі болып қалды. Олар тек отбасының ғана емес, бүкіл елдің тірегі мен рухани жетекшісі болған әйелдер.

Ананың бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Балаға тәрбие беру мен мәдениет үйрету, әдетте, ананың жауапкершілігінде болған. Аналар балаларды тәрбиелеп, оларға отбасы құндылықтарын жеткізіп отырған. Анаға ататегін жалғастырушы ретінде қараған. «Текті анадан текті ұл туар» деген сөз осындай көзқарасты бейнелейді.

 

Қазақ қызы білімге құштар

Кеңес кезеңі мен қазіргі заманғы қазақ қоғамындағы әйел рөлі мүлдем өзгерді. Кеңес үкіметі кезінде әйелдердің білім алуға және жұмыс істеуге мүмкіндігі кеңейді. Бұл кезеңде қазақ әйелдері дәрігер, мұғалім, ғалым, саясаткер, ақын, жазушы, әкім сияқты маңызды салаларда қызмет етіп, қоғамның дамуына үлес қосты.

Ал Қазіргі Қазақстанда әйелдердің ерлермен тең құқықтары заң жүзінде бекітілген. Олар саясатта, бизнес саласында, ғылым мен өнерде белсенді рөл атқаруда. Мысалы, қазіргі қазақ әйелдерінің арасында кәсіпкерлер, министрлер, ғалымдар көптеп кездеседі. Бұл әйелдердің елдің мәдени және ғылыми дамуына үлкен үлес қосқанын көрсетеді. Қазақстанда әйелдердің қоғамдық-саяси салада белсенді болуы – еліміздің гендерлік теңдікке бағытталған саясатының нәтижесі.

Дәстүрлі қоғамда әйелдерге отбасы, қоғамдағы басты құндылықтарды сақтау міндеті жүктелсе, бүгінгі заманда олар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің әр түрлі салаларына қатысып, маңызды рөл атқарады. Әйел – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның толыққанды мүшесі.

Біз отбасы құндылығын көп айтамыз. Отбасы құндылығы отбасы мүшелерінің бірлігі арқылы қалыптасады. Әр отбасы мүшесінің өзінің орны бар. Соны сақтай білу керек. Әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлі тең екенін, жүкті біржаққа артып қоюға болмайтынын түсінсек, отбасылық одақ бір бүтін болады.

Әл-Фараби білімнің тәрбиелі болуын айтқан ғой. «Тәрбиесіз білім – адамның жауы» екенін заманадан көріп отырмыз. Балаң білімді болсын десең, әуелі отбасының береке-бірлігі керек. Өйткені, балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Отбасы ынтымағы жарасқан жерде, бала тәбиелі болады. Әке-шешесіне қарап бой түзейді. Ал баланы түрлі үйірмелерге қатыстырып, оған қолыңда барды үйіп-төккеніңмен, өзің дұрыс өнеге көрсетпесе, алған білімі ес қатпайды. Ондай мысалдарды көп көріп жүрміз. Әкесі мен шешесі кітап оқып, өздері де үйреніп, ізденіп, жаңалыққа құмар болса, бала да сол дағдыны бойына сіңіреді. Ең бірінші, үйдің иесі ерте тұруы керек. Әкесі ерте тұрса, баласы да соны үлгі етеді. Шешесі тазалыққа мән беріп, үй шаруасын тиянақты істесе, ұрпағы да сондай болуға талпынады. Дағды – маңызды фактор. Білім – тек оқу, тіл білу, өнер үйрену ғана емес, оң бағытта қалыптасқан дағдылар мен жақсы, көркем мінездің жиынтығы. Соны көп ескере бермейміз. Отбасы құндылығы да – дәстүрлі әрі пайдалы дағдылар ортасы. Жас ұрпаққа сол дағдыларды, пайдалы іс-әркетті сіңірсек, олардың алған білімі айнымас, өзгермес күйде болады.

MalimBlocks
Той өткізу тәртібін заңмен реттеу керек

Тойды модернизациялаған дұрыс па? Бүгінгі қазақ тойы қандай той? Тойда ымыдар, салт-дәстүрлер қалай орындалып жүр? Осы сұрақтар төңірегінде белгілі этнограф Болат Бопайұлымен әңгімелескен едік.