Токио-2020: Көк туды кім көтереді?

  • 28.06.2021

Жапонияның Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына бір айдан аз уақыт қалды. Бүгін Олимпиада ойындарына жолдама беретін кезең мәресіне жетеді. Яғни, барлық спорт түрлері бойынша жолдамалар үлестіріліп, ресми түрде іріктеу ойындары аяқталады.

Қазақстан спортшыларының еншісінде бүгінгі таңда 82 жолдама бар. Бүгін-ертең жолдамалар саны әлі өсе түсуі мүмкін. Өйткені, жеңіл атлетика, жүзу, теннис сияқты спорт түрлерінің Халықаралық федерациялары кейбір спортшылардың нәтижелерін назарға алып, арнайы жолдама бөледі.

Дәл қазір Олимпиаданы тағатсыздана күтіп отырған жанкүйерлердің көкейінде бір сұрақ тұр. Ол – «Олимпиада ойындарының ашылуында еліміздің көк байрағын кім көтереді?» деген сұрақ. Халықаралық Олимпиада комитетінің жаңа заңы бойынша ашылу салтанатында туды міндетті түрде бір ер және бір әйел спортшы көтеріп шығуы тиіс.

Олимпиада ойындарында ту ұстап шығу үлкен абырой. Және сол спортшыға ауыр міндет. Себебі, ту көтеріп шыққан спортшы оны жай көтеріп қана қоймай, жеңіспен оралуға барынша күш-жігерін салуы тиіс.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі әзірге ту көтеретін спортшылардың есімін жарияламады. Егер Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшылардың тізіміне қарайтын болсақ, үміткерлер ретінде Мөлдір Жаңбырбай (каратэ), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Сәрсенгүл Рысбекова (стенд ату) және Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) сынды бойжеткендерді айтуға болады. Бұлардың арасында кім лайық? Әрине бірінші кезекте Эльмира Сыздықова, Ольга Рыпакова сынды Олимпиада ойындарында еліміздің атын шығарған спортшылар лайық. Соңғысы Лондон олимпиадасында топ жарды. Одан бөлек, екі бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алғаны тағы бар. Қысқасы, дәл қазіргі таңда елімізде Ольга Рыпаковадай атақ-даңқты аспандап тұрған спортшы кемде-кем. Сондықтан әйелдер арасында туды Эльмира Сыздықоваға немесе Ольга Рыпакова берсек, еш ұтылмаймыз.

Ал, ерлерге келсек, бұл тұрғыда кандидаттар көп-ақ. Мәселен, боксшылар. Оның ішінде әлем чемпионы Бекзат Нұрдәудетов (81 келі), әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевты мысалға келтіруге болады. Сондай-ақ, балуандардың арасында да нар тұлғалы жігіттеріміз жетеді. Мәселен, еркін күресте 97 келідегі Әлішер Ерғали мен грек-рим күресінің шебері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) және дзюдошы Ислам Бозбаевты (90 келі) атауға болады. Бұл жігіттердің қай-қайсысы болмасын көк байрағымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтатындай күш-қайраттары жеткілікті деп ойлаймыз.  

Дегенмен, ту көтерудің де өзіндік жауапкершілігі бар. Сондықтан туды берерде спорт басшылары «жеті рет өлшеп, бір рет кескендері» абзал. Өйткені, кейбір спортшыға психологиялық тұрғыдан ауыр тиюі мүмкін. Әсіресе, Олимпиада ойындарынан медаль күтіп отырған спортшыларға қиындау. Оны осыған дейінгі өткен Олимпиада ойындарынан байқауға болады. 

Мәселен, еліміз Тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет ретінде қатысқан алғашқы Атланта олимпиадасында туды Қазақстан Президентінің қолынан даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов алған болатын. Алайда, ашылу салтанатында туды боксшы Ермахан Ибрайымов көтеріп шықты. Өйткені, Дәулет Тұрлыханов ашылудың ертесінде бірден белдесуге кірісетін болды. Ермахан өз кезегінде Алтантаның қола медалін жеңіп алып, өзіне артылған сенімді ақтап шықты.

 Жалпы, Тәуелсіздік алғалы бері қатысқан жазғы Олимпиада ойындарында ту көтеріп шыққан спортшылардың ішінде тек Ермахан Ибрайымов қана ерлік көрсеткенін айта кетейік. Атланта олимпиадасынан кейін Ермахан Сидней олимпиадасында да сондай құрметке ие болды. Президенттің алдында «Сиднейде көк байрағымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтамын» деп уәде берген боксшы Олимпиада чемпионы атанды.

2004 жылы Афинының ашылу салтанатында туды дзюдошы Асқат Житкеев ұстап шықты. Алайда Асқат Грекия елінде жүлде ала алмады. Алғашқы айналымда Беларусь балуаны Игорь Макаровтан ұтылып қалған отандасымыз артынша жұбаныш белдесуде әзірбайжандық балуаннан жеңіліп, қола медальдан күдер үзді. 

2008 жылы Бейжің олимпиадасында Атлантадағыдай жағдай қайталанды. Қазақстан Республикасының президенті қолынан туды боксшы Серік Сәпиев қабылдап алғанымен күнтізбеге байланысты боксшымыз ашылу салтанатына қатыспады. Сөйтіп, бұл құрмет ауыр атлет Бақыт Ахметовке бұйырды. Бірақ,  Ахметовті жүлдегерлер қатарынан көре алмадық. Сенім артқан спортшымыз жарыс қорытындысы бойынша бесінші орынға тұрақтады.

2012 жылы Лондон олимпиадасында туды балуан Нұрмахан Тінәлиевке табыстадық.  Өкінішке қарай, ол да алғашқы белдесуінде швед балуанынан ұтылып, елге ерте оралды.

Ал осыдан бес жыл бұрын туды таеквондошы Руслан Жапаров алып шыққан болатын. Русланнан кемінде қола медаль күтіп едік. Бірақ, тараздық таеквондошыға жеребе өте ауыр түсті. Алғашқы жекпе-жекте 2015 жылғы әлем чемпионы әзірбайжандық Радик Исаевпен шығып, ұтылып қалды. Одан кейін қола медальға барар жолда 2008 жылғы Олимпиада чемпионы, оңтүстіккореялық Чха Дон Мин күтіп алды. Тәжірибелі қарсыласына тізе бүккен Жапаров осылайша Олимпиаданы жетінші орынмен аяқтады.

Байланысты жаналықтар

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024
MalimBlocks
Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.