Тұманбай аз ізденеді, Жұмекен үшін махаббат – зар, қырылысу...
«Адалсың ғой, қыз бала, бүлдіретін біз ғана» деген сөзі жігіт атаулыны түп-түгел арандатушы дегені ме?
Көрнекті ақын Төлеужан Ысмайылов әдебиеттің бірнеше саласында еңбек еткен. Аударма жанрында тер төгіп, Лермонтовтың атақты «Мцыри», Пушкиннің «Батыс-Славян жырларын», Драйзердің «Америка трагедиясы» шығармаларын тәржімалаған. Одан бөлек, сатира, балалар әдебиеті, журналистиканың дамуына үлес қосқан. Төлеужан әдеби сын бағытында да қалам тербегені мәлім. Сыни ой-пікірлерінің әсерінен Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Есмағанбет Ысмайыловтармен арасы алшақтаған кездері де бар. Қаламгердің публицистикалық мұрасы толық жинақталған жоқ. Оның 1963 жылы атақты «Заман және өлең» атты мақаласы «Лениншіл жас» газетіне жарияланып, үлкен пікір тудырғанын білеміз. Сөз зергерінің аталмыш мақаласы ешбір кітабына енгізілмеген. Небәрі 30-дың ішіндегі кесек талантты Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияров, Өтежан Нұрғалиевтер дос қана емес, ұстаз санаған. Бұл мақаласында автор Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиевтердің өлеңдеріне талдау жасап, өткір сынға алған. Мақала атауы өзгертіліп беріліп отыр.
Әдетте біз лириканы түр-түрге жіктегенде: азаматтық лирика, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы деген категорияларды ауызға алып жүрміз. Бірақ бұл махаббат пен табиғат лирикасы азаматтық лирика үшін ертедегі «Барсакелмес» аралы секілді құбыжық деген сөз емес. Геометриялық үш бұрышты фигураның үш бұрышы сықылды лириканың бұл үш белгісі де тұтас мүсін жасайды. Яғни олардың өзгешеліктерін саралаймын деген зерттеуші химиялық анализдің ең соңғы нүктесінде ғана ажыратылатын біртектес элементтердің қасиетін айырғандай кәнігі, нәзік зеректікпен келіп, әрбір ерекшеліктерін өздерінің бір ортақ белгілеріне қайшы қоймауға тиіс. Өйткені осы қайшы қоюдың аяғы бірсыпыра жас ақындардың табиғат пен махаббат жайлы жазған жырларына ауыр зардабын тигізіп келеді.
Өзінің азаматтық әуенінен жаңылғанда махаббат лирикасы да, табиғат лирикасы да ойсыз кербездікпен ұсақталады. Әсіресе, махаббат лирикасы тікелей адам жайлы жазылып, әрі рухини дүниенің қат-қат қабаттары тоғысқан сезімдерге соғатын болғандықтан, мұндағы азаматтық әуенмен жаңылудың аяғы «әдеміліктен» шапан киіп, заман ұраны жазылмаған таза өлеңшіліктің жалауын көтерумен ғана бітпейді; сонымен бірге, қарақан бастың күйініші, оңашаланған қараңғы көңілдің ұсақ сезімдері, махабатқа кір жұқтыратын нәпсіқұмарлық, жаңалыққа қайшы тозған әдет-ғұрып мадақталады.
Осыдан 7-8 жыл бұрын көптеген жас ақындардың махаббат жайлы жырларындағы бұл келеңсіздік үлкен әңгіме болып, «Қазақ әдебиеті» газетінде бір қауым айтыс мақалалар жарияланған-ды. Сонда таразының екі басына шығып, жығыса алмай кеткен екі түрлі пікір: «Махаббат өлеңіне өндірістік тұздық құюға бола ма, әлде болмай ма?» - деген сауал еді. Тап осы дөрекі сауалдың иелері, мұнымен қоймай, еңбекте табысып, ерлікте ұғысқан жастардың махаббатын «өндірістік махаббат» деп күліп, «Ғашықтық жыры еңбектен, оқшау аралда да өмір сүре алады»-деген. Бірақ мәселенің екінші жағын да ойлау керек еді. Әрбір қысқа лирикада бейнелетін ғашықтардың анкеталық сипаттары мен өндірістік нормаларын орындау графигі түп-түгел қоса суреттеліп, тіркелсе де ешкім де талап етпейді, әрине. Бірақ махаббатты - өмір дегенге келсек, «адамды адам еткен еңбекті» сол өмірдің қағидалы мағынасын білеміз. Сонымен бірге, адамгершіліктің жаза баспайтын әділ таразысы болып саналатын еңбек – қоғамдық дамудың мәңгі тозбайтын асыл тегершігі ендеше махаббатты еңбектен қоғам мен ұйымнан жырақ тартып, ғашықтықтың жан баспайтын оқшау аралына немесе қарақан бастың қамы ғана белең алатын күйкі сезімнің күркешігіне қамау тіпті ең дарынды ақынды да заманнан алыстатып жібереді. Махаббат лирика атаулы да адамгерліктің сырлы сипаты болып көрінгенде ғана еңбекшіл қоғамнан іргесін аулақ салмайтын болып танылады. Ал онсыз жерде махаббат лирикасы адамгершілік лыпасы сыпырылып, көрсеқызардың көзін қызықтыру үшін қойылған нәпсілік мүсін – манекен ғана болады. Осы орайда біз аса талантты жас ақындарымыздың мына төмендегі өлеңдерінен өршіл жанды одан да өрге шырқататын азаматтық сарын таба алмайтынымызды былай қойғанда, тіпті керек лирика өкілдерінің өздері айтатын қаралы, қам көңілге» де сынықшының салғанындай шипа боларлық дәру леп, ізгілік ұшырата алмаймыз (өлеңдер сол күйінде келтірілді):
«Күз өтті де, қарындас,
Сол махаббат жоқ міне.
Қанатына қарлығаш
Іліп алып кетті ма?
Сезіміңмен күресіп,
Қабап түйіп наздандың.
Күлің кетті ме ілесіп
Қаңқылына қаздардың».
(Ө.Нұрғалиев)
«Жанарың, қалқа, жасырды
Оянған ойды тезінен.
Үзіліп түскен жасыңды
Үмітім деп сезінем.
Жанарың, қалқа, жанарың,
Тұп-тұнық боп жатады.
Сол тұнықтан қанамын,
Сол тұныққа батамын.
Кірпікке көз бақтырып
Қойған әлде жан ба едің?
Көлеңкесін лақтырып,
Қарап тұр ма әлдекім?
Көлеңкем түсті бетіне.
Айдын болдың – айыбың.
Сол айдынның шетіне,
Тоқтады менің қайығым».
(Ж.Нәжімеденов)
Бұл әдемі өлеңдерден махаббаттың тек лебі ғана еседі. Демек бұл авторлардың философиясы: «махаббат дегеніміз зар, қырылысу, баянсыздық, тұп-тұнық жанар, ізгілікке көз бақтыру» деп тиянақталады. Махаббаттың белгілерін бұ сықылды сыңаржақ тұжырымдауды біз бұл дәуірден бұрынғы ақындардан да оқығанбыз. Тек сол арада жетіспейтін нәрсе – жаңа ақынның жаңа байламы. Әрбір заттың сапасы мен заттың тоғыспалы қасиеттері сипатталатын нышан белгілі санын қосу арқылы анықталады. Ендеше біз: махаббат – зар, өкініш қана емес, сонымен қоса ол - өмір, адамгершілік, достық, сенісу, қуаныш, бақыт, еңбек, - деген тұжырымға беруге тиіспіз, - жаңа заманымыздың моральдік кодексінің бұлжымайтын қағидасы осылай дейді.
Енді осы саладағы поэмаларымыз жөнінде әңгіме кемшілігімздің бұдан да гөрі елеулі қырын аңғартады. Егер біз тайлақ көтеретін жүкті нарға салып әуре болмайын десек, поэманы поэма деп тану үшін әуелі, оның арқалаған, заманалық парызының салмағын өлшеуге тиіспіз. Махаббат сынды адам жанының ең мөлдір сезімінің тұңғиығынан сіз адамдық абзал қасиеттердің асыл ақықтарын іздейсіз. Сол бұл ақықтарды алдыңызға жайнатып жайып салып, бүгінгінің ең өнегелі жас адамының кір шалмас бейнесін мүсіндеген поэма ғана махаббат туралы поэма болады.
Махаббат жайлы поэмаларды белсене жазып жүрген жас ақындарымыздың бірі – Тұманбай Молдағалиев.
Қазір жұртшылыққа аты таныс болып қалған жас ақын махаббат тақырыбын жырлаудағы алғашқы адымында жоғарыдағы сөз болған сырт сипатқа құмарту мен баянсыздық секілді дәйектемесіз сыбай сылтаң жайларға қаптал килігіп, өріссіз ашық шеңберде дөңгелеп, көңілсіз шиыр алдырған болатын. Оның 1957 жылы жарияланған «Студент дәптері» есімді тұңғыш жинағы негізінен, өз басы мен арманынын айырылған «ғашықтарының» көңіл сағағын ғана тербеген еді. Жә, ол алғашқы «аңғал балалық» , жасандық адымы ғана болатын. Сонан бері екі жинақ жариялап, азды-көпті тәжірибе алып, өмірге соқпақ салды деген осы ақынның «Көктем таңы» атты жаңа жинағы да сонау бір жүріп өткен жолын қайта таптаған тәрізді. Жас ақынның осы бір күйрек сезімге әуестігі 1958 жылы «Социалистік Қазақстан» мен 1959 жылы «Лениншіл жас» газеттерінде әділ сынала тұрса да, оның араға жылдар салып, поэзиядағы тұрақсыздықпен мекенсіздікті оқушыларын қайта ұсынғаны өзінің ақындық – азаматтық нысанасын белгілеуде таза өлеңшілдік бағдарға әуесқойланғанын аңғартады.
Жинақтың тең жарымы – «Қайран, жиырма», «Мазасыз махаббат» есімді екі поэма, екеуі де махаббат жайлы шығарма.
«Қайран жиырмада» армия қатарына шақырылған Әбен деген жігіттің ауылда қалған Ажар есімді ғашығы бөгде біреулердің арандатуымен ресторанда арақ ішіп қызып қалады да, Әмірғали деген тентек серінің үйіне амалсыздан қонып, жәбір көреді. Сол сол-ақ екен, жаңағы жауызға арын таптатпағанына қарамастан, ақ адал қызды бүкіл ауыл болып, еңкейген кәрі, еңбектеген баласына шейін гу-гу өсек қылып алып жөнеледі. Өсек әскердегі Әбеннің құлағына да шалынады. Осыдан кейін екі ғашықтың арасы шорт үзіледі. Бірақ Әбен ауылға оралғанна кейін екі жастың табысатын сыңайы байқалғанын автор шығармасының аяғында жұқалап сездірген.
Ақын поэманың басынан аяғына дейін елбіреген сезіммен іш тартқан осы Ажар жағымды кейіпкер ме, жағымсыз кейіпкер ме? – деген сауалға біз шығармадан жауап таба алмаймыз. Таба алмайтын себебіміз: Ажардың нендей харекетпен айналысатын адам екендігінің үшті-күйлі белгісіз болғандығынан ғана емес, оның өмірден не тілейтіндігі мен арман-ойының көмескілігінен. Тап осы кейіпкерінің Әбенді жақсы көруден басқа қандай ізгі тілегі барын автордың өзі де айта алмайтын тәрізді. Егер біз ақыннан: - Ажар осы қандай адам? – деп сұрай қалсақ, ол бізге: - Ажар сұлу қыз, - деп қана жауа берер еді. Себебі Тұманбайдың бұл поэманы жазар алдында да, жазу процесі кезінде де Ажардың даусыз сұлу қыз екендігінен басқаны ойламағаны бесенеден белгілі боп тұр. Әрине, мұндай дерексіз кейіпкерге бұдан өзге біз де ештеңе айта алмаймыз. Тек бір біліп қалғанымыз: Ажар жігерсіз, жасық, - күресе білмейді, өзінің жазықсыздығы өзіне белгілі бола тұра, өсекке таңылған басын да қорғай алмайды, жұрт атаулыны түп-түгел қас көріп, көз жасына ғана ерік берген мүскін бір әшейін:
«Шынымен тозғаны ма базар бағы,
Аязды қысқа ауысты жаз арманы...
Өксіді, жанарынан жас төгілді,
Адамның бәрі алдайтын қас көрінді.
Талықсып төсегіне құлай кетті,
Шуақ боп кім көтерер пәс көңілді».
Әбен де – осы Ажардың бір сыңары. «Әскерге барып келді» деп ақынның сөз арасында айтқан құлақтандыруы болмаса, бұ да бір жан дүниесіне қара құлып салынған бітеу бейне.
Сөз алдымызда кісі болып сөйлеп, жас болып жарқылдап тұрмағаннан кейін осы екі «ғашықтың» махабатына да сене қоймаймыз. өйткені ол махаббатқа бұл кейіпкерлердің өздері де күдіктеніп қарайды. Әйтпесе пыш-пыш сөз араларын оп-оңа ажыратып жібере ме? Демек көңілдерінде санамен, жүрекпен, достықпен шыңдалған мұқалмас махаббаттың жоқ болғаны ғой. Ондай адамдардың қосылған күнде де әлдекімдердің сөзіне еріп, айырылсып кетуі кәдік емес пе?!
Яғни, бас кейіпкерлердің іс-әрекеті мен характерлері ашылмаған. Бірақ поэманың кемшілігі тек бұлармен ғана тәмамдалмайды. Жаңа заман жастарының махаббатын үстірт түйген автор олардың өскен ортаны да жаңсақ пайымдаған:
«Келіпті бірең-сараң келіншек те,
Мұндайда шіркіндерден сөз қала ма?»
«сапылдап босағада Жамал отыр,
Көңілі бір жиырманы қалып отыр.
Байқаңдар, жеңгелерім, байқаңыздар,
Ауызда сені күтіп балаң отыр».
«Қалыңға қайыныңмен жөнелгенде,
Байыңа арыз етер, ене кәріп».
«Бұл бөлме ақ періште қыздар үшін,
Бұл бөлме баласы бар қатынға тар».
«Келеді келінге де құрмет бірлеп,
Енесі жаниды оны күнде өткірлеп.
Мәз болар қыздың тапқан анасы да,
Өнерге өзім жастай үйреттім деп».
«Адалсың ғой қыз бала...
Бүлдіретін біз ғана».
«Зулады өсек үйден-үйге жүгірді...
Келіншектің аузынан,
Кемпірлерге жетті бұл
Кемпірлердің аузынан,
Желге мініп кетті бұл».
«Кісіні сүрінтеді қатын өсек,
Жүгірген үйден-үйге жеңгелердің
Не болды қылықтары мақұл десек».
«Шіркін-ай ерік берсе аямас ем,
Өсекшіл сол жеңгені, сол енені».
Мұнан бүгінгі күннің емес, кәдімгі ескі ауылдың бейнесі елестейді. Тіпті, ақынның өзі де – және жаңа заманның жас ақыны ғой ол! – Тап бір баяғының мырза жігіттерінше»жеңгейлерін» жаппай қарала, «шетіңнен сондайсың» деп дәлелсіз дөкірлікпен тиіседі. Ақ самайлы енені қағытады. Апырау, әлдекімнің атын атап, жөнін жндеп, шідер үзген қылығы үшін кінәлаған бір сәрі екен ғой! Ал мынасы несі? «Адалсың ғой, қыз бала, бүлдіретін біз ғана» деген сөзі жігіт атаулыны түп-түгел арандатушы дегені ме? «Енесі жаниды оны күнде өткірлеп, мәз болар тапқан қыздың анасы да, өнерге өзім жастай үйреттім деп» деген тұжырымнан кейін: қыз біткеннің анасы дым сезбейтін дүңгене дейміз бе? Ененің «күнде өткірлеп жанитын» тәрбиесін жоққа шығарғымыз келмегенімен мектеп әсерін қалайша назарға алмаймыз. Автордың баяндауынша, «ауыл іші ылғи гу-гу «қатын өсек»! Ақынның еркіне салсақ, бала-шағалы егде әйелдерді: «Бұл бөлме ақ періште қыздар үшін, Бұл бөлме баласы бар қатынға тар!» деп өзі отырған үйден қуып шыққысы бар.
Мұнан кейнгі Тұманбайдың «Мазасыз махаббат» есімді поэмасы да осы «Қайран жиырманың» екінші варианты тәрізді. Бұнда да Әли деген бір жас жігіттің өзінің туған ағасының алдындағы айыбын арқалап, кіндік кескен ауылынан поезға отырып алып қашқаны «романтикалы» жыр болады. Бұл жігіт өзінің болашақ жеңгесін, яғни туған ағасының сүйген қызын оңашада есебін тауып «құшақтай алып», «ернін жабыстырып» қойғаны үшін, әлгі қыздан «шапалақ жеп», қимас достары мен өскен ауылынан безген! Жүрекке түрпідей тиетін тұрайы сюжет ақынға оқушыны «қызықтыру үшін» қажет болған ғой, тегі! Асылы, шынайы сюжеттің бұ сықылды кездейсоқ жәйттерден туындамайтындығын, ал кездейсоқ жәйттерден құраған сюжеттің шынайы өмірге жанаспайтын жадғандық екенін сюжет дегеннің өзі кейіпкерлердің характерлері мен ішкі рухани күштің ықпалымен жасалатындығын, сондықтан да кейіпкерлердің жанды бейнесін айқындап алу процесінде сюжеттің оқшауландырмай қоса өрудің қажеттігін сауатты ақын Тұманбайдың қалайша пайымдайтыны таңғаларлық.
Алғашқы поэмадағыдан гөрі ақын мұнда ұнамды бас кейіпкері Әлидің жан дүниесіне үңіле түскен. Туған ағасының көзіне албырттықпен шөп салам деп масқара болған бұл жігіт өскен ауылынан қашып бара жатып, сол жазықсыз қиянат көрген ағасына махаббаттың мәнін түсіндіріп хат жазады. Бірақ автордың заманымыздың өнегелі жас ретінде ұсынған бұл кейіпкерінің махаббатқа деген көзқарасы – ылғи бір-шытырық қарама-қайшылықпен баттасқан күңігірт, тұманды ойлар. Егер ақынның өзінің ұнамды кейіпкерлерінің атынан сөйлеуге қақылы екенін ескерсек, осы бір шәлкем-шалыс пікірлердің шыққан төркінін де аңғару қиын емес. Олай дейтін себебіміз: автор өзінің баяндауында махаббат туралы ойын былайшы түйіндейді:
«Махаббат! О да шарап, шарап тәтті
Салады жан-күйеңе жарақатты».
Міне, осы жолдар Әлидің махаббат туралы ұзақ тарактатының желісін сызып берген бе дейміз. Иә, сонымен бұл жас жігіттің махаббат жөніндегі бұрыс пікірлері с\мынадай «дұрыс пікіріне кейінірек тоқталамыз):
«Махаббат – кей-кейде ол долы қатын,
«Махаббат – жүрегі тас қатал адам,
Жеріген жастай безіп ата-анадан».
«Махаббат – кемпір ме, әлде таяқ алған
Келінін мүсіркеп түк аямаған».
«Махаббат – кербез қатын шығар мүмкін,
Тұрмыста байлық сүйген, көйлек сүйген».
Інісі ағасына мұндай хат жазып отырып, оны махаббаттан жерітіп, өзі ғашық болған жеңгесін иемденбек болды ма екен, әлде? әйтпесе өзінің болашақ жеңгесі екенін біле тұра оспадарлықпен күнәсіз қыздың «ерніне ерінін жабыстырып» не үшін сүйіп алды дейміз. Ағасының алдындағы сол ауыр қылмысымен қоймай, «махаббат – жүрегі тас қатал адам» деп, ағасы мен анасынан, өскен орта құрбы-құрдастарынан өзінің безгенін былай қалдырып, махаббат – жалпақ жұртты «ата-анасынан жастай жерітетін» нәрсе деген «терең ойлы» толғауын өзін өзі ақтау үшін айтып отыр ма?
Жалғасы бар