Түркі саммитінде Қ.Тоқаев сутегі энергетикасын жаңғыртуды ұсынды

  • 14.11.2021

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-саммитіне қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасының басында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап,  бұның тарихи белес екенін атап өтті.

«Біз осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік. Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар. Осы жерде жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз  барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Түркі кеңесінің ұйымы жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірген президент Қ.Тоқаев ұйым жұмысы ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн дей келе, бірқатар ұсыныстарын айтты. Оның ішінде

сутегі энергетикасын дамыту бойынша консорциум құруды ұсынды.

Ақорда сайтының хабарлауынша, Қ.Тоқаев «қазіргідей күрделі жағдайда орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды» екенін атап өткен. Ол осы тұрғыдан алғанда түркітілді мемлекеттер бірлесіп әрекет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атаған. Арасында сутегі энергетикасы да бар. Тоқаев әлемде оны «таза отынның жаңа түрі» санайтынын айта келе, Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар екенін жеткізген.

«Осы орайда елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады» деді Қазақстан басшысы. Тоқаев сонымен бірге ғаламдық жылыну, су мен азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерінде ортақ шешім табуға үндеген. «Бұл шекаралас жатқан елдер үшін ортақ проблема болғандықтан Қазақстанның бірлесіп гидроқұрылымдар салуға дайын екенін жеткізген». Президент сонымен бірге жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін жасыл капитал нарығын дамыту жөнінде айтқан.

«10 жылда дүниежүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті. Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды. Биыл оның жалпы құны 100 миллион доллардан асты. Бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Мен осы ұйымдардың мол тәжірибесін және тиімді құралдарын кеңінен пайдалануға шақырамын. Біз өңірлік жасыл капитал нарығын дамытуға мүдделіміз. Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналастыруға дайынбыз» деді Қ.Тоқаев.

Ол «Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру» идеясын да алға тартты. «Келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сонымен бірге 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады» деді ол. Ақорданың жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев «қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтқан». «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын» деді Тоқаев. 

Саммиттің соңында 11 шақты құжатқа қол қойылған. Олардың тізімін Ақорда сайты жариялады. Арасында «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім де бар. Саммит Стамбул қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өткен. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мүше. Саммитке бақылаушы елдердің басшылары ретінде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қатысқан. Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен Ыстанбұл қаласында жүздескеніне және Режеп Тайып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірген. 

Саммит қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылған:

1.    «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім;

2.    Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші Саммитінің декларациясы;

3.    Түрікменстанға Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы шешім;

4.    «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы шешім;

5.    «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Алишер Навои атындағы халықаралық сыйлық» туралы шешім;

6.    Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Серіктес мәртебесін құру туралы шешім;

7.    Түркі мемлекеттері ұйымының Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже жөніндегі шешім;

8.    Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау;

9.    Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі инвестициялық қорын құруды аяқтау туралы шешім;

10. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Байқаушы мәртебесі туралы ереже жөніндегі шешім;

11. Әзербайжан Республикасының Президенті Жоғары мәртебелі Ильхам Әлиевті Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапаттау жөніндегі шешім.

 

 

Байланысты жаналықтар

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024

АҚШ президенті Джо Байденнің әйелі мысық туралы кітап жазды

04.04.2024
MalimBlocks
Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.

АҚШ президенті Джо Байденнің әйелі мысық туралы кітап жазды

АҚШ президенті Джо Байденнің жұбайы Джилл Байден балаларға арнап «Уиллоу – Ақ үйдегі мысық» (Willow the White House Cat) атты кітап жазып шықты. Бұл туралы Америка дауысы агенттігі хабарлады.