"Жаңа Қазақстанды жаңғыртатын - жастар"

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі

Malim Админ

  • 09.02.2022

​Қаңтардағы қанды қырғын бүкіл еліміздің жүрегіне сары су боп қатты. Бұл оқиғаның салдары баршамызға ой салды. Кешегідей үлкен оқиғаларға біз қалайда баға беруіміз керек. Әрине, тәуелсіздіктің отыз жылында түк жасалмады деп тарихты, еңбекті мүлде жоққа шығаруға болмайды. Сарыарқаның төсіндегі жарқыраған астанамыз, зәулім ғимараттар, сәулетті үйлер, үлкен жобалар кімнің болсын санасында жаңғырып тұрары анық. Бірақ, қаңтардағы қақтығыс кемшіліктердің барын көрсетті.

Мәселен заңның дайындалуында мін жоқ болар. Алайда орындалуы әлсіз. Оны орындайтын, орындататын тарапта да кінә бар деп ойлаймын. Біз сынауға, мін айтуға шебер болып алдық. Бір-бірімізді қайталап сөз жарысына түсіп кеттік. Ал ұят тасада қалды.

Мынау енді Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, оның әр қадамына жіті көз салып отырмыз. Жаңа Қазақстан деген жаңа түсінік. Біз мұнымен келісеміз. Тілегіміз сол - Жаңа Қазақстан толық мағынасында орындалса екен. Ол үшін дәл қазіргі кезде Мемлекет басшысының саясатын қолдау - азаматтық парыз. Әзірге Жаңа Қазақстанның беталысы жаман емес сияқты. Дегенмен өткеннен сабақ алмай алға басу мүмкін емес. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай Президент те: "Мен жастарға сенемін!" деп айтты ғой. Шын мәнінде Жаңа Қазақстанды жаңғыртатын - жастар. Енді жастарға бөгет болмауымыз керек. Қазақ "Қырықтағылар қамал алады" дейді.  Мәселе қамал алуда емес, олардың қамал алатындай қуатының барын мойындауда. Қуатты жастар - ел қуаты. Сондай-ақ олардың ізімен келе жатқан, тәуелсіздік құрдастарының жаңа толқыны бар ғой. Оларды халық "Отызда орда бұзады" дейді. Бұл жерде де түйін орда бұзуда емес. Ендігі міндет осы жастардың қуатын, идеясын тиімді пайдалану, игілікке бағыттай білуде. Ал осы істі дұрыс үйлестіруге жаңа Үкіметтің даярлығы бар ма, қауқары жете ме?

Ендігі жерде жаңа сөз емес, жаңа іс қажет. Мұндайда сынның да, міннің де айтылары күмәнсіз. Мін деген Абай атам айтқандай "Аршып алып тастайтын аспандағы саз емес қой". Ендеше не істеу керек. Бүгінгідей сын сағатта бар мен жоқты таразыға салып, міннен арылып алмасақ, тағы ескі әнге салып, ескі сүрлеуге түсеміз. Мысалы қазір полиция кінәлілерді іздеп табандарынан тозып жатыр. Бұл қателіктер тағы қайталануда деген сөз. Осылай кете берсе елді тағы ашуландырып, мінді болмаймыз ба? Келесі ұрпақ біздің шимайларымызды оқығанда не демек? Бүгін таусыла сөйлеп, ертең не істеуіміз керектігін есімізден шығармайық. Не айтсақ та, мың толғанып барып айтқанымыз жөн болар.

​Бейбіт шерушілер алдына шығып, зиялы қауым ақылға шақырса мұндай қақтығыс орын алмас па еді дейтіндер бар. Шын мәнінде халық ешкімді тыңдайтындай жағдайда болмады. Бұл да бір соқтасы толған сыздауықтың жарылған сәтіндей буырқанған сәт еді. Сыздауықты соқтасы толмай тұрып емдеуіміз керек еді. Ол уақыт өтіп кетті. Біз көп жерде үнсіз қалдық. Жемқорлық, олигархтардың тойымсыз әрекеті, Конституция мен заңдардың жиі өзгеруі секілді келеңсіздіктер халық көкейінде соқта болып жинала берді. Сыздауықты жарылуға жеткізді. Ал жарылған кезде өкінішке орай аталы сөз айтатын топ болмады. Желтоқсан оқиғасы кезінде де жастардың аға буыннан қолдау күткені рас. Алайда ол жағдай мен бұл жағдайды салыстыру мүмкін емес. Дегенмен, екеуінде де қарсылықтың алдыңғы шебінде жастар жүрді. Жастарды сабырға шақыру үшін сол тұста ел алдында жүрген ағаларға қолқа салынды. Студент жастармен жүздескен бір жиынға Олжас Сүлейменов, Роза Бағлановамен бірге мен де бардым. Олжас ағам "Ақ пен қара" деген өлеңін оқыды. Роза апамыз өз ойын айтты. Мен жастар жағында екенімді, өз талабын қойған жастарды азаптауға, ұрып-соғуға қарсы екенімді, қандай жағдайда да жастармен бірге екенімді айттым. Сондағы студенттердің риза болған, шаттантанған жүздері әлі көз алдымда. Қазір де мен жастарды қолдауға әзірмін. Өйткені, ол кездегі жастардың да, кешегі қаңтар қырғынына шыққан жастардың да ұраны "Қазақстан, Қазақстан!" болды. Өкініштісі, бейбіт басталған шеруді арандатушылар өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Жастардың көбі "кіндігін туған жерге байлағандар" Ал бүлікшілер олардың ақ ойын ластап, негізгі мақсатының өңін айналдырып жіберді. Соңы пендешілікпен жасалған тонауға, бүлдіруге ұласты. Біздің билік осы жағдайлардан өзіне дұрыс сабақ алуы тиіс.

Шындығына келгенде қоғамның төзіділігімен, шыдамдылығымен ойнауға болмайды. Әкім-қаралар, жалпы билік халыққа арқасымен емес, бетімен қарауды үйренуі керек. Сонда ғана даму болады. Сонда ғана Жаңа Қазақстан құрамыз.

Байланысты жаналықтар

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Дархан Мыңбай. Күй мен күйші

29.10.2024

Астанада Республика күніндегі отшашуды 10 мыңнан аса адам тамашалады

26.10.2024

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

24.10.2024

Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

24.10.2024

«Енді сахнаға ұялмай шығамын»: Майра Мұхамедқызы Халық әртісі атағын ұзақ күткенін айтты

24.10.2024
MalimBlocks
Жаңа роман жарық көрді 

Дархан Мыңбай. Күй мен күйші

Күйді насихаттау - әр қазақтың парызы болуға тиіс

Астанада Республика күніндегі отшашуды 10 мыңнан аса адам тамашалады

Барлығы 2500 отшашу атылған

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

«Енді сахнаға ұялмай шығамын»: Майра Мұхамедқызы Халық әртісі атағын ұзақ күткенін айтты

Өнер иесі бұл атақты былтыр береді деп күткен