Жұмысшылар митингі: Доллар өседі, айлық өспейді

Malim Админ

  • 12.03.2020

Ақтөбеде «АФ АГМ Табыс» ЖШС-нің жұмысшылары наразылыққа шықты. Жолаушылар тасымалдайтын вагондарды жөндейтін жұмысшылар соңғы бес жылдан бері жалақыларының өспегенін, керісінше айлықтарының ай сайын қысқарып жатқанын айтып шағымданды. Сөздерінше, қазір вагондарды жөндеуден өткізетін мекеме - жеке.  Бір жылда үш рет ауысқан басшы ойына келгенін істейді.  Енді олар айлықтың мәселесі шешілмейінше, жұмысты бүгіннен бастап тоқтатамыз деп бір ауыздан бекініп отыр.

Наразылыққа шыққан жүзге жуық жұмысшы осы айдан бастап жалақылары айлық есебінде емес, керісінше  істеген жұмыстарына қарай төленетін болып өзгергенін айтады. Айтуынша, осының кесірінен айлықтары енді тіпті азайып кеткен. Таңнан кешке дейін вагондарды жөндейтін жұмысшылар айлығымыз еңбегімізге тұрмайды дейді.

«Сендер темір жолда жұмыс істейсіңдер рельстің үстінде. Вагон шығарасың, бірақ темір жолға қатынасың жоқ дейді. Желтоқсанда сыйақы бермейді. Темір жолшылар күні де бермейді. 20%  ай сайын премия жоқ. Квартальный жоқ. Жүріп жатырмыз. Кімге қарайтынымызды өзіміз да білмейміз. Айлығымыз - 65 000 теңге. Әңгіме өтірік емес.  40 000 теңге  алатындар бар. 50 000 теңге  кешегі алғандар. Ол ақша ма? Жаңа бастықтың айтып жатыр. Ұнамай ма, хорым кете беріңдер. Ешкімді ұстамаймын дейді. Бұл не сұмдық?!» - дейді осы мекеменің жұмысшысы Бауыржан ШЕГЕЛБАЕВ.

Жөндеуден өткен әр вагон үшін алты миллионнан сегіз миллионға дейін ақша алатын мекеме  жұмысшыларына сол миллиондардың тек тиыны ғана төленіп отыр дейді. Наразы топ басшылықтың алдына да бірнеше рет барғанын да айтады.

«План болса 150 мың теңге  аласыңдар дейді. Планның болмай келе жатқанына бір жыл болды. План жоқ. Он вагоннан артық депо істей алмай отыр қазір. Алты жыл болды тарифтің көтерілмегіне. Бірақ расценка өсіп жатыр. Бір вагонға сегіз миллиондай төленеді. Бірақ жұмысшылардың ақшасы өспейді. Бір жылда үшінші директор ауысып отыр», -  дейді Әбдіжәлел ОШАҚБАЙ. 

Мәлім.кз сайтының тілшісі мән-жайды түсінбек болып қазіргі басшылыққа барды. Алайда жекемін деп кеуде соққан басшы маңына жолата қоймады. Алдына келген жүзге жуық қызметкерімен  сөйлесіп,  түсінік беру былай тұрсын. есігінен де ары аттатпады.

Жолаушыларды тасымалдауға арналған  вагондарды жөндеуден өткізетін «АФ АГМ Табыс» ЖШС-нің басшысы "Қазақстан темір жолы" компаниясына қатысы бар ма, жоқ па, ол туралы ештеңе  айтпады. Сөзінше, бұл коммерциялық құпия.

Ал жалақыларын даулаған жұмысшылар облыстық еңбек инспекциясына арызданыпты.  Инспекция болса  жеке мекеменің Алматыда тіркелгенін айтады. Сондықтан жұмысшылардан түскен шағымды Алматыға жолдапты.

«Ұжымнан түскен. Он үш адам қол қойған. Бірақ заңды тұлға мекеменің өзі Алматы қаласында. Заң бойынша жергілікті мемлекеттік еңбек инспекциясы бар ғой. Алматыдағы солар өздері жазған арыз бойынша жұмысшыларға жауапты өздері береді», -  деді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан УРАЗАЕВ.

Бүгіннен бастап жұмыстарын тоқтатқан жұмысшылар айлықтарының мәселесі шешілмейінше, жұмысқа шықпаймыз деп бекініп отыр. Талаптары істеген жұмыстарына қарай төленетін тарифті көтерсін  немесе бізді қайта айлыққа көшірсін дейді.

Фото автордікі.

Жанаргүл ҒАФУҚЫЗЫ

Байланысты жаналықтар

Ақтөбедегі митинг: Бір адамға бес полиция

07.06.2020

«Атып тастасаңдар да, көлік тіркейтін ақшам жоқ»

03.03.2020
MalimBlocks
Ақтөбедегі митинг: Бір адамға бес полиция

«Атып тастасаңдар да, көлік тіркейтін ақшам жоқ»