Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қос аяғынан айырылған қыздың оңалтуын мойнына алды

Елордада жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылған қыз баланы оңалту шарасын толығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапкершілігіне алады. Бұл туралы ведомство басшысы Светлана Жақыпова мәлім етті.
Протездеу бойынша барлық қызметті, сондай-ақ оңалту шарасын өз мойнымызға аламыз. Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында да ақпарат жарияланды, яғни қыз бала Егіндікөл аудандық емханасында тіркелген. Қазір дәрігерлер тарапынан жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Отбасы біздің қарауымызда, — деген түсінік берді Светлана Жақыпова Мәжілісте БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Кеше Астанада жол апатынан екі аяғынан айырылған қыз бала ауруханадан шықты.
Айта кетейік, 2 маусым күні кешке Астанадағы Республика даңғылында жолаушылар автобусы бағанаға соғылды. Жүргізуші маневр жасау кезінде рөлге ие бола алмай қалған. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Елорда ауруханаларына 15 адам жеткізілді. 2017 жылы туған қыздың екі аяғы кесіліп тасталды. Астана әкімдігі барлық зардап шеккендерге материалдық және "қажетті қосымша көмек" көрсетілетінін хабарлады. Аяғынан айырылған қыз 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемін алды. Отбасына әкімдік төрт бөлмелі пәтерге сертификат сыйлады.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
