Автобус апаты: Екі аяғынан айырылған қыз протездеуге дайындалып жатыр

Астанада автобус қатысқан жол апатынан екі аяғынан айырылған 7 жастағы Алуа Бекен есімді қыз бала реабилитациялық орталықтан шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алуаның анасы қызының жағдайы туралы айтып, протездеуге дайындықтың қалай жүріп жатқанын баяндады.
Қазір бәрі жақсы. 18 шілдеде бізді реабилитациялық орталықтан шығарды. Қазір демалып жатырмыз. Жақында протезбен жұмыс істеуді бастаймыз, әрі қарайғы оңалту басқа жерде өтеді, – деді анасы.
Оның айтуынша, жақын күндері Алуа протез салдыруға дайындықты бастайды. Қыздың эмоционалдық жағдайы да тұрақты.
Қызымның жағдайы жақсы, өзін қалыпты сезінеді. Бізге алты айға төрт бөлмелі пәтер берілді (реабилитация кезеңіне – ред.). Сонымен қатар, бізге пәтер сыйға тартылды, бірақ оның құрылысы қазан айында аяқталады, – деп қосты ол.
Еске салайық, 2 маусым күні кешке Астанада автобус бағанға соғылған болатын. Оқиға салдарынан 15 жолаушы зардап шекті. 7 жастағы қыздың екі аяғы ампутацияланды.
Қалалық №1 автобус паркінің мәліметінше, жүргізуші бағанды байқамай қалған.
Фото: Алуаның анасы ұсынған

Ең көп оқылған
