freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Құдайға не айтайын, досымды алған": Ринат Зайыт марқұм Арман Дүйсеновті еске алды

Қоғам •
"Құдайға не айтайын, досымды алған": Ринат Зайыт марқұм Арман Дүйсеновті еске алды
Арман Дүйсенов пен Ринат Зайыт. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Айтыскер ақын Ринат Зайыт композитор Арман Дүйсеновті еске алып, өнер иесі туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол Орал қаласында өткен Арман Дүйсеновті еске алу кешінде сөз сөйлеп, марқұмға арнап өлең оқыды.

Ринат Зайыттың айтуынша, егер композитор көзі тірі болғанда, мұндай кеш әлдеқайда ауқымды форматта өтер еді.

"Арман аға тірі болса, бұл кеш бұл жерде өтпейтін еді. Ол Астанада, стадионда, байлары бар, Бағланы бар, әншісі бар, продюсері бар – бәрі жиналған кеш болатын еді. Ортасында Арман аға отырады", – деді ол.

Ақын Ақжайық жұртының композиторды еске алып, рухына құрмет көрсетіп отырғанын ерекше атап өтті.

"Бүгін ол кісі дүниеге келгенде тал бесігін тербеткен Ақжайықтың халқы оның рухын қошеметімен жер бесігін тербетіп жатыр. Ол – заңдылық", – деді Ринат Зайыт.

Сондай-ақ ол Арман Дүйсеновпен алғаш рет 2005 жылы танысқанын еске алды. Ринат Зайыт композитордың өте жылдам жұмыс істейтінін және ән мәтініне ерекше құрметпен қарайтынын айтты.

"2005 жылы онымен танысқанда менде бір-ақ нәрсе болды. "Мен мынаған ілесе алмаймын-ау" деп ойладым. Өте жылдам болатын. "Мына әнге сөз тез керек" дейді, болды", – деді ақын.

Ринат Зайытты сөзінше, Арман Дүйсенов ақын жазған мәтінді өзгертпей-ақ, оған дәл келетін әуен шығара алатын ерекше қабілетті композитор болған.

"Сөзді қорламайды, буыныңды кеспейді, шолтаңдатпайды. Сөзді ғана жазып берсең де, соның ешбір жерін бұзбай, керемет әнге айналдырып беретін қабілетті композитор еді", – деп еске алды ол.

Ринат Зайыт кеш барысында марқұм досына арнаған өлеңін де оқып, Арман Дүйсеновтің шығармашылығы мен адамдық қасиеттеріне тоқталды.

Арман Дүйсенов кім?

Арман Дүйсенов – қазақстандық композитор, продюсер, тележүргізуші және музыка педагогі. Ол 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген. 2023 жылғы 24 қаңтарда 48 жасында өмірден өтті. 

Арман Дүйсенов кәсіби музыкалық білім алған өнер иесі еді. Ол әлемдік классикалық музыка, фольклорлық этнография және эстрадалық музыка бағыттарын терең меңгерген заманауи композиторлардың бірі ретінде танылды. 1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Кейін Райымбек Сейтметов негізін қалаған "Өнер" факультетінің Музыка және орындаушылық өнер кафедрасында сабақ беріп, жас орындаушыларды тәрбиелеуге атсалысты.

Оның шығармашылық жолы бұдан да ертерек басталған. 1990 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық жас орындаушылар байқауында жеңімпаз атанып, өнер ортасына кеңінен таныла бастады. Кейін бірнеше республикалық ән байқауында топ жарып, шетелдерде де өнер көрсеткен. ҚазАқпарат мәліметінше, ол шығармашылық сапармен 50-ге жуық елде болған.

Арман Дүйсеновтің шығармашылығы мен танымал әндері

Арман Дүйсенов эстрадалық әндермен ғана шектелмей, киноға, тележобаларға және сахналық туындыларға да музыка жазды. Оның "Кездер-ай", "Арман", "Сені сағындым", "Жан қызым", "Ауылдағы қыз" секілді әндері тыңдарман арасында кең таралды. Сондай-ақ "Сен", "Үміт арман", "Сүйіктім" секілді шығармалары да оның композиторлық қолтаңбасын танытқан туындылардың қатарында.

Композитор көркем фильмдерге де музыка жазған. Ашық деректерде оның "Теміртау көктемі", "Ақ сұңқар", "Сүйінші" және басқа да кинотуындыларға ән мен музыка жазғаны көрсетіледі. Сонымен қатар ол қазақ эстрадасындағы көптеген әншілермен шығармашылық байланыста болып, жаңа әндердің дүниеге келуіне атсалысты.

Ринат Зайыт та Арман Дүйсеновтің ақын мәтініне ерекше құрметпен қарайтынын еске алған. Оның айтуынша, композитор дайын мәтіннің буынын бұзбай, сөзін қысқартпай, сол қалпында әуенге айналдыра алатын. Бұл қасиет оның композитор ретіндегі кәсіби шеберлігінің бір қыры ретінде аталады.

Арман Дүйсенов музыкамен қатар телевизия саласында да белсенді еңбек етті. Ол "Хабар" және "Ел арна" телеарналарында "Айбын", "Достархана", "Тапқыр достар", "Дудар-ай" және "Хабар-старс" бағдарламаларын жүргізген. Осы арқылы ол көрерменге композитор ғана емес, тележүргізуші ретінде де жақсы таныс болды.

Өнердегі еңбегі мен кейінгі жылдары

Арман Дүйсенов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, "Құрмет" орденімен марапатталған. Ол сондай-ақ EMA Muzzone нұсқасы бойынша "Жылдың үздік композиторы" және "Астана жұлдызы" байқауында 2015 жылдың үздік композиторы атағына ие болған.

Өмірінің соңғы жылдары ол "Қазақ әуендері" АҚ құрамындағы "Гүлдер" филиалын басқарды. Әкімшілік қызметпен қатар ән жазуды, жас орындаушылармен жұмыс істеуді және шығармашылық жобаларға қатысуды жалғастырды.

Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда өмірден өткеннен кейін әріптестері мен өнер өкілдері оның қазақ музыкасына қосқан үлесін жиі еске алып келеді. Оның әндері әлі де сахнада орындалып, шығармашылығына арналған еске алу кештері ұйымдастырылып жүр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу