Олжас Бектенов Ақмола облысының жылу беру маусымына дайындығын тексерді
ЖЭО-да күзгі-қысқы маусымға қажетті отын қорын дайындау кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр

Премьер-Министр Олжас Абайұлы Ақмола облысына іссапармен барып, аймақтың қысқа дайындығын, жылу беру маусымына әзірлігі барысын тексерді.
Үкімет басшысы Бектенов Степногорск Жылу электр орталығына арнайылап аялдады. Сонау 60 жылдары қолданысқа енген орталық бүгінде қаланың күретамыры іспетті. Тұрғын үй мен зауыт-фабрикаларды, сондай-ақ Заводской кентін токпен және жылумен қамтып отыр.
Жиында Премьер-Министрге өндірісті облыстың коммуналдық инфрақұрылымының жылыту кезеңіне дайындығы туралы айтылды. Қазір қазандықтар 99% дайын. Мектептер мен университеттер, емхана, ауруханалар, тұрғын үйлер тексерістен түгелдей өткен. Барлық әлеуметтік инфрақұрылым жылыту маусымына сақадай сай. Жылу электр орталығында алты ай қысқа қажетті отын қорын даярлау кестеге сай жүргізілуде.
Ағымдағы жылы Үкімет тарапынан Степногорскінің жылу желілерін жөндеуден өткізуге 2,7 млрд теңге қарастырылған. 11,3 шақырым болатын учаскеде құрылыс-монтаж жұмысы бітті. Сонымен қатар қаладағы энергетика нысанының меншік иесі инфрақұрылым мен коммуникацияны жаңартуға 7,9 миллиард теңге бөліп отыр. Төрт турбинаны толық жөндеуден өткізілген. Қазандықтарды реконструкциялау жалғасып жатыр. 2,6 километрлік жылу желілерінің 1,6 шақырымына монтаждау жұмыстары жасалды.
Іске асқан жұмыстар Жылу Электр Орталығының тозығы жеткен жабдықтарын 65,6%-дан 61,9%-ға дейін, магистралды желілердің тозуын қазіргі 80,7%-дан 70%-ға дейін азайтуға әсер-ықпалын тигізбек, деп түсіндірді энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев.
Энергия көздерін жаңартуға қаржы құю мен атқарылған шаруалар тозуды біртіндеп азайтады.
«Бұл - ауқымды бағдарлама. Ескірген желілерді қалпына келтіріп қана қоймай, тұрақты, сапалы энергетика жүйесін құруымыз қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Фото: primeminister.kz