457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Жолдаудан – нәтижеге: Қазақстандағы инвестициялық саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тура бір жыл бұрын  «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартуды тапсырғаны белгілі.  Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын басшылыққа ала отырып, инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік күшейген тұста Қазақстан нақты әрі жедел шешім қабылдауы керек екенін қадап айтты. Бұл бағытта Үкімет кешенді жұмыстарды қолға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб ауқымды өкілеттікке ие болды. Бұл органның басты міндеті ірі жобаларды жүзеге асыру жолындағы әкімшілік және жүйелік кедергілерді жою. Штаб жұмысының арқасында 50 млрд АҚШ долларынан астам сомаға бағаланатын жобалар бойынша 115 проблема шешімін тапты. Нәтижесінде 2,3 млрд доллар болатын 6 инвестициялық келісімге қол қойылса, тағы 7,5 млрд долларлық жеті келісім бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, инвесторлардың жобаларын мониторингтеу және олардың мәселелерін жылдам шешуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды.

2024 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 12,7 млрд АҚШ долларына жетті. UN ESCAP деректеріне сәйкес, Қазақстан былтыр 15,7 млрд доллар инвестиция тарту арқылы өткен жылмен салыстырғанда көрсеткішті 88%-ға арттырды. Бұл Солтүстік және Орталық Азиядағы барлық инвестициялардың 63%-ы Қазақстанның еншісінде деген сөз.

2025 жылы еліміз 25 млрд АҚШ долларын тікелей инвестиция түрінде тартуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өңірлік кешенді бағдарламалар әзірленіп, шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізу күшейтілді. Fast Track немесе «жасыл дәліз» жүйесі арқылы 134 шетелдік инвесторға жедел мемлекеттік қызметтер ұсынылуда. Сонымен қатар, жаңа салық саясаты арқылы қосымша 3-5 трлн теңге түсім түседі деп көзделген. Осылайша мемлекеттің қаржылық тұрғыда  тұрақтылығы артып, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік алады.

Ірі инвестициялық жобалар арасында 450 млн АҚШ долларына бағаланған «Жетісу Вольфрамы» зауытының бірінші кезеңі іске қосылып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, «Carlsberg» зауыты, «WAN SHENG CERAMIC» өндіріс орны, Қостанай облысындағы «SKODA» және «HONGQI» автокөлік зауыттары, Алматы облысындағы 160 млн долларлық «PepsiCo» жобасы – елдің индустриалды әлеуетін күшейтетін нақты мысалдар.

Ауыл шаруашылығы саласында да инвестициялық белсенділік артып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында агроөнеркәсіптік кешенге 616,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 442,7 млрд теңге ауыл және балық шаруашылығына, 104,2 млрд теңге азық-түлік өнімдері өндірісіне, 69,7 млрд теңге сусын өндірісіне бағытталды. Түркістан, Алматы және Қостанай облыстарында 50-ден астам жоба іске қосылып, жалпы құны 3,4 трлн теңгені құрайтын 683 жоба жүзеге асырылуда.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, инвестиция тарту және мал азығын дайындау, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты бағыттар – АӨК-ті дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі. 2025 жылы салаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспары бар. Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту бойынша да жүйелі шаралар қолға алынып, 758 нысанның құрылысы жоспарланған.

Жалпы экономикалық өсім бойынша да оң динамика байқалуда. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында ЖІӨ өсімі 6,3%-ға жетсе, нақты сектор 8,3%-ға, қызмет көрсету саласы 5,2%-ға өсті. Экономикалық өсімге әсер еткен негізгі драйверлер – көлік, құрылыс және сауда салалары. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,1%-ға артты. Ең үлкен өсім білім беру (2,3 есе), қаржы қызметі (90,1%) және өңдеу өнеркәсібі (38,7%) салаларында тіркелді.

Алайда инвестиция тарту бойынша барлық өңірлер бірдей деңгейде емес. Жетекші өңірлер қатарында Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары болса, Атырау, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары артта қалып отыр. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бұл бағытта әкімдіктердің жауапкершілігін күшейтуді және инвестиция тарту жұмыстарын қайта қарауды тапсырды.

Қабылданған шаралар Президенттің Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүйелі іске асырудың нақты көрінісі. Қазақстан инвестиция тартуда белсенділік танытып, қолайлы ахуал қалыптастыру арқылы халықаралық серіктестерге сенімді ел ретінде өз позициясын нығайтып келеді.

 

Фото: okg.kz