Қазақстан Қытаймен сауда арқылы халықаралық нарыққа белсенді шығып жатыр – сарапшы

Қазақстан халықаралық нарыққа белсенді еніп келеді. Бұл үрдіс әсіресе Қытаймен сауда қатынастары арқылы айқын көрінеді, деп есептейді белгілі саясаттанушы, қытайтанушы Әділ Қаукенов, деп хабарлайды Malim.kz.
"Өткен жылы біз 40,6 миллиард доллардың тауарларын экспорттадық. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Мұндай өсім бірізді экономикалық саясаттың, шикізаттық емес экспортқа жасалған басымдықтың және негізгі серіктестермен белсенді жұмыстың нәтижесі. Қазір Қытай — ең маңызды серіктестердің бірі. Сонымен қатар, Қазақстан тек Бейжіңмен емес, Қытайдың әртүрлі аймақтарымен де жан-жақты байланыс орнатып жатыр. Мұндай кешенді тәсіл нақты нәтижелер бере бастады", – дейді Қаукенов.
Мысалы, Шаньси провинциясымен сауда көлемі 11 еседен астам артты. Юннаньмен шамамен 9 есе өсті. Сычуаньға қазақстандық экспорт 49%-ға көбейді, ал Шанхайға 3,6 есе артқан.
"Дәл осы бағыттар бойынша жасалған жеткізілімдер шикізаттық емес тауарлар көлемінің негізгі өсімін қамтамасыз етті. Осылайша, Қазақстан Қытай нарығында тек табиғи ресурстардың жеткізушісі ретінде ғана емес, сапалы өнім өндіруші ретінде де қалыптасып келеді", – деп атап өтті ол.
Жалпы алғанда, өткен жылы Қытаймен сауда көлемі 30 миллиард долларды құрады.
"Оның ішінде шамамен 16 миллиарды — Қазақстанның экспорты. Бұл қазақстандық тауарларға Қытайда үлкен сұраныс бар екенін көрсетеді. Бүгін Астанаға Си Цзиньпин Орталық Азия – Қытай саммитіне қатысу үшін келеді. Алда өтетін кездесулер мен іс-шаралар еліміздің және бүкіл аймақтың экономикалық мүдделерін ілгерілетуге, жаңа жобалар, инвестициялар, логистика және технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді", – деп түйіндеді Қаукенов.
Фото: Zakon.kz

Ең көп оқылған
