Астана соты "Азаттыққа" аккредитация бермеді

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сыртқы істер министрлігінің өтінішімен Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің аккредитацияға қатысты шағымын қарауды тоқтатты. Бұл туралы azattyq.org-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
- Адвокат Лилия Чаусованың сөзінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұған дейін "осыған ұқсас 7 тілшінің аккредитациясы бойынша" іс қарастырылғанын алға тартып, "бұл істер бір-біріне әсер етеді" деген. Олар алдыңғы іс бойынша шешім күшіне енгенге дейін істі қарауды тоқтатуды сұрады,- деп жазды azattyq.org.
"Әрине, біз бұған келіскен жоқпыз. Қарсы болдық. Бұл істі қарауға ешқандай кедергі жоқ деп санаймыз. Бұл өзара қатысы жоқ екі бөлек іс. Онда жеті журналистің ісі. Оларға қатысты тағылған айып бөлек. Мұнда тоғыз журналист бар. Бізге әлі күнге дейін іс материалдарында не үшін аккредитация бермегені түсіндірілмеді. Шағымдарда негіздер әртүрлі. СІМ-нің де аккредитациядан бас тарту себептері әртүрлі. Алайда сот істі тоқтатуға негіз бар деп тапты", – деді Лилия Чаусова 17 қыркүйек күні Азаттыққа.
Ол сот анықтамасына қатысты шағым түсіретінін айтты. Егер жоғары инстанция анықтаманы құптамаса, онда сот жалғасады. Ал құптаса, бұл соттың әлі бірнеше айға созылып кететін түрі бар. Себебі алдыңғы іс бойынша шешімді апелляцияға беруге бір екі ай уақыт кетеді.
Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметі 9 тілшіні аккредиттеуден бас тартқан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімін сотқа берген еді. Алғашқы сот тыңдауы 28 тамызда басталған.
Фото: David W Cerny/REUTER