Бишімбаев үкімі: Жаза әділ ме?

Сарапшылар пікірі

Олжас Қасым

  • 15.05.2024

Мамырдың 13 күні Астана соты әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевты 24 жылға соттады. Бұл үкімді құптағандар да, жаза мерзімі көңілінен шықпағандар да бар. Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді «24 жылдан кейін ол 68 жасқа келеді» деп соттың түпкілікті шешімін өмірлік жаза санайтынын айтты. Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шыға ма деп алаңдайтын тарап та бар. Ендеше, экс-министрге кесілген үкімнің қоғамға әсері қандай болды? 

                            Джохар Өтебеков, адвокат. Фото: hommes.kz

Сотты бастан-аяқ бақылап, ұдайы пікір білдіріп келген адвокаттың бірі –Джохар Өтебеков. Ол сот барысында Бишімбаевтің телефонындағы барлық жазбалар мен марқұм Нүкенованы қорлаған видеолары көрсетілгенде, әлеуметтік желіге «айыпталушы 25 жылға сотталады» деп жазған. Журналистерге берген сұқбаттарында да осы ойын айтқан. Кесілген 24 жыл жаза адвокат болжамына жақын шықты. Ал «Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шыға ма?» деген сұраққа адвокат былай дейді:     
-    Оның мерзімінен бұрын босап шығу жөнінде өтініш жазуға құқы бар. Ол үшін бірінші кезекте түрмеде өзін жақсы ұстауы тиіс. Жалпы кісі өлтіру жазадан босатпайды. Әсіресе, жәбірленуші тарап сотталған адамның мерзімінен бұрын шығуына қарсы болса»,-дейді Джохар Өтебеков.   

                          Дина Таңсәрі, құқық қорғаушы Фото: VOXPOPULI.KZ 


#НеМолчиКZ қорының директоры Дина Таңсәрі Бишімбаевтың соты қоғам санасын өзгертуге айтарлықтай ықпал етті деген ойда. 
Оның сөзінше, бұған дейінгі осындай істер бойынша айыпталушыларға негізі 8-12 жыл аралығында жаза тағайындалып келген. Сондықтан Бишімбаевтың қатал жазалануы – қоғамның өзгеруіне жасалған алғашқы қадам. 
-    Осы жайттан соң зорлық-зомбылыққа шыдас беріп келген әйелдердің  көзі ашылды. Бұл келеңсіздіктен үлкен ауқымдағы қатігездік шкаласы байқалады. Бір өкініштісі, халық әлі де болса, психологиялық зорлық-зомбылықтың ауырлығын түсінбейді. Бізде зорлық көргенде заңға жүгіну деген ұғым жоқ. Ең қиыны Қазақстанда адамды келесі бір адамға психикалық зорлық-зомбылық жасағаны үшін соттамайды. Тіпті балаларды жәбірленуші деп танитын нормалар да жоқ. Куәгерлер де тұрақты түрде жасалған қоқан-лоққының ауыр жарақат қалдыратынын түсінбеді», - дейді Дина Таңсәрі.   
Бишімбаев сотында медициналық сарапшы экспертиза қортындысына сүйеніп, бастан соққа алған адамның миы қалай шайқалатынын көрсеткен еді. Таңсәрі мұны дұрыс болды деп есептейді. Себебі, сол арқылы «көпшілік бастан тиген соққы адамның денсаулығына қалай әсер ететінін көріп, сабақ алды» дейді. Айтуынша, осы тәжірибені сот жүйесі ары қарай қолданар болса, қоғамды сауықтыру ісі ілгерілейді.  

                      Әйгерім Құсайынқызы, заңгер. Фото: informburo.kz

Ал Қыздар педагогикалық университеті, әлеуметтік және гендерлік зерттеулер орталығының зерттеушісі, заңгер Әйгерім Құсайынқызының пікірінше, «Тағайындалған жазаны қоғамның басым бөлігі қолдады немесе сынады» деген тұрғыда пікір айтуға әлі ерте. Десек те, ол Бишімбаевқа 24 жыл жаза тағайындалуын күреспен келген жеңіс санайды.

Адам құқығы сақталатын мемлекеттерде өлім жазасы мен өмір-бақи бас бостандығынан айыру деген жаза жоқ. Исландия, Норвегия сияқты елдерде максималды жаза – 21-23 жыл. Сондықтан, Бишімбаевқа 24 жыл беру арқылы Қазақстан қаншалықты адам құқығын құрметтейтін мемлекет екенін дәлелдеді. Екінші тараптан адам өлтірген әрбір қылмыскердің қатаң жазаланатынын байқатып, елдегі сот процесінің ашықтығын көрсетті, - дейді ол.   

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту туралы заңды жасауға қатысқан мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұндай сипаттағы қылмыстарға аяушылық танытпау керек деген пікірде. Ол бұл жолы  азаматтық қоғамның үні анық естілгенін және белгілі бір деңгейде нәтиже болғанын айтады.  

Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты. Фото: Парламент Мәжілісі

    Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты. Фото: Парламент Мәжілісі

Елу жылда – ел жаңа» деген мақалдың өзектілігі қазір 50 емес, 5 жылмен есептелетінін ескерсек, 24 жыл аз мерзім емес. Бұл соттың шешімін шынайы қауіпсіз, құқықтық қоғам құру жолындағы халықтың сұранысының орындалғаны деп айтуға негіз бар. Заңдылық пен тәртіп қағидатын орнықтыру ісі балаларға қарсы қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуден бастау алады, - деп тұжырымдайды депутат.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 9 қарашада әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталды. Сот оны «қинау» және «аса қатігездікпен адам өлтіру» баптары бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырды. Ал «қылмысты жасырды» деп айыпталған Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. 

Фото: Жоғарғы сот