Қазақстан түрмелерінде бірқатар ереже өзгерді

Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртiптеме қағидаларын Конституцияға сәйкестендерді, деп хабарлайды Malim.kz Конституциялық сотқа сілтеме жасап.
Өзгеріс 11 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл түзетулер сотталғандардың заңгерлік және медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ тәртiптiк изоляторға, жалғыз адамдық камераға және уақытша оқшаулау үй-жайларында қамалған сотталғандарға телефон арқылы адвокатпен сөйлесуге, сондай-ақ медицина қызметкерінен кеңес алуға рұқсат беріледі», - деп жазылған хабарламада.
Өзгерістер Конституциялық соттың 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №60-НҚ нормативтік қаулысын орындау мақсатында қабылданды. Онда конституциялық бақылау органы сотталған адамның тәртіптік изоляторда, сондай-ақ жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталу кезеңінде білікті заңгерлік немесе медициналық көмек алу мақсатында телефон арқылы сөйлесуге құқылы екенін атап өткен.
«Конституциялық сот Ішкі істер министрлігіне сотталғандарды ұстау шарттары туралы ведомстволық ережелерді білікті заңгерлік көмек алу және денсаулық қорғау құқықтары бөлігінде Конституцияға, сондай-ақ Қылмыстық-атқару кодексінің және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның тиісті нормаларына сәйкес келтіруді ұсынды», - делінген Конституциялық соттың хабарламасында.
Фото: istockphoto.com


Ең көп оқылған
