Қоғамдық орында бейәдеп сөйлегендер 15 күнге қамалады

Енді қоғамдық орында әдепсіз сөз айтуға болмайды. Бұл «Заң және тәртіп» шоғырландыру идеологемасын көздеп қолға алынған бастама. Көпшілік жиылған ортада өзін өзі тізгіндей алмайтын жандар мен бей-берекет дөрекі сөз сөйлегендер 5-тен 15 күнге дейін қамауға алынуы мүмкін.
Кейінгі уақытта бейәдеп сөйлейтін балалар туралы дерек көбейген. Жазғы демалыста жеткіншектердің көбі аулада ойнайды. Осы кезде кикілжің туа қалса бір-біріне жағымсыз сөздер айтылмай қалмайды.
Егер 14 пен 15 жас аралығындағы жасөспірім аулада бір баламен сөзге келіп, әдепсіз сөздер айтса әкімшілік құқық бұзушылықтың 435 бабы бойынша заңды өкіліне әкімшілік хаттама толтырылады. Және де ол хаттанаманы полиция қызметкерлері сотқа жөнелтетін болады. Жаза ретінде 7 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл арқалауға тиіс,- дейді полиция майоры Ұлболсын Мұсабекова.
Аталған заң бұзушылықты студенттер жасар болса, шәкіртақыдан ала алмайтын күйге түседі. Егер қызметте жүрген жас болса, тәртіпке шақырылып, 10АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұл жасөспірімдерге көзделген жауапкершілік. Ал ересек адамның көпшілік ортада дөрекі сөз айтуы ауыр құқық бұзу болып есептеледі. Әдепсіз сөзді көпшілік алдында айтқандар 100 АЕК-тен (≈393 200 ₸) бастап айыппұл немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады.
Көшеде дөрекілікке жол бергендер 20 АЕК (≈78 640 ₸) айыппұл немесе 5–15 күн әкімшілік қамауға алынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда – 30 күнге дейін уақытша ұстау изоляторына жабылады.
Зерттеулер көрсетіп отырғандай, бұл әрекет уақыт оза келе әдетке айналады. Оған тәрбиелеуші фактор адамның қоршаған ортасы болуы әбден мүмкін. Сондықтан психологтар жағымсыз әрекетке бой алдырмау үшін араласатын ортаны дұрыс таңдау керек дейді.
Фото: Pixabay.com

Ең көп оқылған
