Сот отырысы: шенеунік әкімге ақша бергенін айтты

Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова сот отырысында жауап берді. Ол құрбысының шотына түскен ақшаны әкімге өз қолымен бергенін айтты.
Аудандық сотта Шалқар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасоваға қатысты іс қаралып жатыр. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтарымен айыпталып жатқан бөлім басшысы сотта жауап берді. Ол Көпмола, Жылан, Кеңдала ауылдарының су желілерін қайта жаңғырту жобасына жауапты «Дәнекер» ЖШС-нен түскен қаржыны Қарашоқат мектебінің құрылысын аяқтауға берген демеуші ақшасы екенін, келісімді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехановтың өзі жүргізгенін айтты.
Мектеп құрылысына 25 млн теңге сұраған. Бірақ 15 млн теңгеге келісті деген әңгіме болған. 2024 жылдың қазан айында Ж.Жидеханов (аудан әкімі — ред.) мені кабинетіне шақырып алып, ақша түсуі керек екенін айтты. Соны шұғыл әкеліп беруді сұрады. Мен демеушіге өз қызметкерімнің нөмірін беріп, ақшаны содан алмақ болдым. Бірақ ақша бірден түспеді. Соның арасында Жидеханов маған қайта-қайта хабарласты. Ол 700 мың теңгеге жуық ақша түсетінін айтқан соң үйден өзімнің қаржымды алып, апарып бердім. Сол кезде қалай алғанымды сұрады. Қызметкердің телефон нөмірін бергенімді естігенде ашуланды. Одан кейін мемлекеттік қызметте жоқ басқа бір сенімді адам керек деп айтты. Сырттан, қаладан сұрады. «Тума-туыстан ақша түсуі керек, сенімді адамдар тауып, маған әкеліп бер» деді. Мен өзімнің құрбым бар екенін, Ақтөбеде тұратынын, мемлекеттік қызметте істемейтінін айттым. Сол жерде телефон нөмірін жазып бердім, — деді сотталушы сот отырысында.
Кейін құрбысының есепшотына бірнеше адамнан 5 млн теңге ақша түседі. Бірақ ақша сол күйі сақталды, ешкім алмаған.
Ал екінші эпизод «АзияСтройПроект777» ЖШС-не қатысты болды. Бұл екі қабатты тұрғын үйге қажетті инженерлік желілерді тартуы тиіс компания. Бас мердігер қосалқы мердігер жалдаған. Мердігермен тағы да Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов сөйлескенін, содан кейін әртүрлі нөмірден 2 350 000 теңге түскенін айтты. Есепшотқа түскен қаржыны қолма-қол алу қиын болған соң сотталушы Ш. Сәдуақасова тағы да өз қаржысын алып, үйінің жанына көлігімен келген аудан әкіміне бергенін айтты. Содан кейін тағы да 5 700 000 теңге түседі. Сөйтіп барлығы 12 500 000 теңге түсіп, сотталушы Ақтөбе қаласына келгенде құрбысынан 7 500 000 теңгені қолма-қол алады. Сол күні сотталушы Ш. Сәдуақасова Антикор қызметкерлеріне ұсталады.
— «Ақшаны алдым, әкеліп беруге дайынмын» дедім. 6 500 000 теңгені Антикорға бердім. 1 млн теңге менің сөмкемде болды. Оны айтпадым. Сөмкенің қайда қалғанын білмедім. Қолымда пакетім, сөмке болды. Ақша түскенін мойындаймын, бірақ асыра пайдалануды мойындамаймын. Қорқытты, үркітті дегенге келіспеймін, ондай болмады. Аудан әкімі Ж.Жидеханов қызметкерінің телефон нөмірінен хабарласты, «қорықпа, ештеңе айтпа, ол жақтағылар әртүрлі нәрсе айтып алжастыра береді. Өзім деп айта бер, артыңнан адам алып кетпе. Өзім алып шығамын, ештеңе айтпа» деді. Антикорға арыз жазып, осы кісінің ақша алғанын, сол кісінің тапсырмасы екенін айттым. Жасырын тергеу де жүрді, — деді сотталушы.
Шұға Сәдуақасованың қорғаушысы сот отырысында аудио, видео тыңдалым жүргенін, бірақ видео қондырғы орнату кезінде әкім кабинетінде оның қорабы қалып қойғанын айтты. Және сот отырысында куә аудан әкімі Жанболат Жидехановтан жауап алуды сұрады. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмады.
Айта кетейік, Шұға Сәдуақасоваға Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтарымен айып тағылып жатыр. Егер кәнісі дәлелденсе мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу немесе 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Фото: видеодан кадр