Сот ядролық сынақтан зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдауды қайта тексеруден бас тартты

Конституциялық Сотқа «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 13-бабының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш түскен.
Аталған бапқа сәйкес радиациялық қауiптi аймақтарда тұратын азаматтардың қосымша еңбекақы алуға және жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға құқығы бар.
— Өтініш берушінің ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азамат ретінде Заңда белгіленген ресми мәртебесі жоқ. Алайда, ол іс жүзінде жоғары радиациялық қауіп төнген аймақта өмір сүріп, еңбек еткендіктен, дауланып отырған нормада көзделген әлеуметтік қолдау шараларына құқығы бар деп есептейді, — делінген хабарламада.
Конституциялық Сот өтініш берушіге осы норманың Конституцияға сәйкестігін бұрын тексергенін және 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 30-НҚ нормативтік қаулысын қабылдағанын еске салды, онда құқықтық ұстанымдар мен тексеру нәтижелері бойынша шешім егжей-тегжейлі баяндалған.
Конституциялық Сот бұл нормативтік қаулы өзінің заңды күшін сақтайтынын атап өтті.
Фото: Gov.kz

Ең көп оқылған
