Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды

Астанада қайырылымдылық ақшасын жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде, адамдар тобы болып жасаған алаяқтық) және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды.
Олар жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтейді.
Сондай-ақ 10 жыл бойы қайырымдылықпен байланысты кез келген қызметпен айналысуына тыйым салынды.
Бұған дейінгі сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрағанын айта кетейік.
Сондай-ақ ұрланған қаражатқа сатып алынған келесі мүлік тәркіленді:
- «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй;
- «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;
- «Mercedes-Benz S450» 2024 ж., «Lexus LX 600» 2024 ж.;
- «Rebel Flowers» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
- 97 млн теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Осыған дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды.
Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған.
Айта кетсек, 2025 жылғы 14 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат ісі бойынша негізгі сот процесі басталды.
Ол 2024 жылғы қарашада ол 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған бұл қаражаттың бір бөлігі жеке қажеттіліктерге – элиталық жылжымайтын мүлік, автокөлік және қымбат саяхаттар сатып алуға жұмсалған.
Фото: Informburo.kz

Ең көп оқылған
