Зираттағы бос орынды брондау үшін...

Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы жерлеудің электрондық базасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік сатып алу сайтында «Жерлеудің электрондық базасы» цифрлық платформасын құру қызметі бойынша хабарландыру жарияланған.
Қазіргі уақытта ашық конкурс жүріп жатыр, ол 13 маусым күні аяқталады. Жоба құны – 223 млн (223 214 285). Тапсырыс беруші – Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы. Хабарландыруда цифрлық платформа жерлеу орындары туралы ақпаратты жүйелеу және цифрландыру мақсатында құрылатыны айтылған.
Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес, «Жерлеудің электрондық базасы» цифрлық платформасы – бұл жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық тараптың (қызмет алушылар, жерлеу қызметін ұйымдастырушылар, зират әкімшілігі және жергілікті атқарушы органдар) арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін және адамдарға жерлеу рәсімдері қолжетімді болатын бірыңғай құрал болуы тиіс.
Одан бөлек бұл платформа арқылы адамдар қайтыс болғандардың жерленген жері туралы ақпаратты тіпті ол басқа аймақта болса да, оңай таба алады. Сонымен қатар платформа ардагерлер, танымал тұлғалар, мәдени мұра туралы мәліметтерді қоса алғанда, жерлеу туралы деректерді сақтауға ықпал етеді. Жобаның техникалық сипаттамасында электронды база зираттарды басқаруды жеңілдетіні және жерлеумен айналысатын қызметтердің жұмысын бақылауға көмектесетіні айтылған.
Жерлеудің электрондық базасын әзірлеуде қойылатын талаптардың қатарында – брондау қызметін қосу бар. Ол бойынша платформа қолданушылары зират картасында бос орынды таңдап, брондау үшін өтініш жібере алады. Кейін өзі қалаған жағдайда бронды жоя алады.
Тапсырысты орындау мерзімі – 2025 жылдың 31 желтоқсаны.
Фото: mem-complex.ru

Ең көп оқылған
