24 жерінен пышақтаған. Шымкент тұрғынының мәйіті көшеден табылды

Шымкентте мәйіті қоқыстан табылған Диана Оңғарбаеваны жақындары ақтық сапарға шығарып салды. 26 жастағы 2 қыздың анасын 16 жастағы жігіт зорлап, кейін денесінің 24 жерінен пышақтап өлтірген. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұңғышын жер қойнына тапсырған анасы көргенде өз перзентін танымай қалған. Көзі, құлағы мен мұрнынан құрт шығып жатқан келіншек он күн бойы сол пакетке оралған күйде көшеде жатыпты. Іздеуде болған оны полицейлер емес көше тазалаушылар тапқан.
«Қызды екі жерінен кеңірдегінен кескен. Машина сүртетін шүберекті тығып тастаған кеңірдегіне. Ол аз болса 24 жерінен пышақтаған. Өлтіріп жатқызып қойып, ойыншық ұқсатып пышақты тығып отырған. Оны азаптап, өлтіріп, зорлап, пакетке салып, оның сыртынан скотчтап орап... Байқұс оныншы күн дегенде табылып тұр. Құрт жеп тастаған», — дейді марқұмның әпкесі Әлия Ақбарова.
Он күннен бері із-түзсіз кеткен қыздарын келер деп күткен Оңғарбаевтар отбасы қазір ес жия алар емес. Өйткені әлпештеп өсірген тұңғышын қаскөйлер азаптап өлтірген. Алдымен зорлап, кейін денесінің сау-тамтығын қалдырмаған деп зар жылайды туыстары. 26 жастағы келіншектің бар жазығы - маңдай-терімен істеген жұмысының ақысын сұрағаны екен.
«Үй жинауға тазалықшы керек деп шақырған. Күндік жұмыс. Бұл қыз сол адреске барған. Сөйтсе ол бала қылмысын алдын ала жоспарлаған болып тұр ғой. Жігіт айтқан екен. «Үйді тазалап болғаннан кейін ақшаны мамам салады» деп. «Мамамды күтіп отырмын» деп қызды жібермей ұстап отырған екен. Диана әпкем анасына өзінің телефонымен хабарласқан кезде жігіт пышақтап үлгерген», — дейді марқұмның сіңлісі Айдана Оңғарбаева.
Қара жамылған отбасы полицияның іздеуге дер кезінде кіріспегеніне де күйінеді. Олар Диана жоғалған 21 шілде күні-ақ арызданғандарын айтады. Алайда құзырлы орган өкілдері оны араға бір апта салып у-шумен тіркепті. Оның өзінде мәйітті полицейлер емес, қоқысты алып кететін жұмысшылар 31 шілдеде көріп, хабарлаған.
«Дүйсенбі күні барамын. 21-нен 28-не дейін ешқандай нәтиже жоқ қой. Не қыз бар, не жоқ. Сонда сол кісілер не істеп жүрді? Сонда айтқан жауап сөздері күйеу балаңыз арыз жазған жоқ дейді. Арыз жазып алып қалмаған. Іздеуге де кіріспеген. Дүйсенбі күні жазам, 28-і күні жазамын. Болғасын олар өзіме «Уайымдамаңыз екі күнде тауып береміз» деді. Ол қыз тірі деді. Қайда, тірі қыз?», — дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Туыстары күдіктіні де полицияға өздері тауып бергенін айтады. Ол Диана жинауға барған үйді жөндеп жүрген жұмысшы екен. Марқұмды Telegram арқылы жұмысқа шақырған да сол кәмелет жасына толмаған күдікті дейді. Қазір ол «адам өлтіру» бабы бойынша жауапқа тартылып, қамауға алынған.
«Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын өлтіру ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді Шымкент қаласы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагелдиев.
Азаппен ажал құшқан Диананың жақындары болса бұл іске тағы үш адамның қатысы барына сенімді. Өйткені марқұмның ұялы телефонын сатуға екі адам барыпты. Айта кетейік, марқұмның артында 2 және 4 жастағы қыздары мен күйеуі қалды. Ерлі-зайыпты нәпақа табу үшін қалаға келген екен.
Фото: жеке архивтен. Orda.kz

Ең көп оқылған
