Оралдағы автобуста ер адам жолаушыларға бұрыш баллон шашты

18 тамыз күні таңғы сағат 04:00-де Оралда MyFest музыкалық фестивалынан қайтып келе жатқан автобустың ішінде жанжал шықты, деп хабарлайды Malim.kz Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, екі мас жігіт бүкіл автобусты дүрліктіріп, жолаушыларға тіл тигізіп, артынша төбелес бастаған. Оқиға салдарынан автобус ішінде айқай-шу, балағат сөздер мен төбелес болған. Екі бұзақының бірі қолындағы бұрыш баллонды пайдаланып, жолаушылардың бетіне шашқан. Алдымен ол қасында отырған қызға бағыттап бүріккен, кейін видеоға түсіріп отырған азаматқа және тағы бірнеше жолаушыға қарсы қолданған. Куәгерлердің айтуынша, ер адамдар араша түспей, жағдайды сырттан бақылап қана тұрған. Ал әйелдер өздерін ғана емес, өзгелерді де қорғауға тырысқан. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға ұласты.
Желі қолданушылары:
«Әйелдер тәртіп үшін күресіп жатыр, ал еркектер шетте қарап тұр» – «Мұндай еркектерге қалай сенуге болады?» – деп ашуын білдірді.
Жәбірленушілердің бірі болған жолаушы жағдайды былай жеткізді:
«Бұрыш баллонды бетіме тура шашып жіберді. Көзімді жабуға да үлгермедім. Досымды да залалсыздандырмақ болды.Бұл нағыз мас хайуандар еді. Кейін жедел жәрдемге апарып, көмек көрсетті», – деді ол.
Орал қалалық полициясы оқиғаға қатысқан барлық адам анықталғанын мәлімдеді. Біреуі қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.
«Тексеру аяқталған соң кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады», – деді полиция өкілдері.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
