Қостанай облысында тойдан кейін 85 адам уланды

Қостанай облысында тойдан кейін 85 адам тамақтан уланды, деп хабарлайды Malim.kz «Наша газета» сілтеме жасап.
Оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі бойынша («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») қылмыстық іс қозғалды.
20 қазанда ауруханаға алдын ала «тағамнан улану» диагнозымен 85 адам жүгінген. Науқастар іш өту, дене қызуының көтерілуі және әлсіздік белгілеріне шағымданған. Барлығы — қаладағы кафелердің бірінде өткен тойдың қатысушылары.
Зардап шеккендердің үшеуі ауруханаға жатудан бас тартқан. Қалғандары түрлі медициналық мекемелерге жеткізілді: 27 адам — Жангелдин аудандық ауруханасына, 52 — Арқалық қалалық ауруханасына, алты адам — облыстық ауруханаға түскен. Олардың арасында жүкті әйел мен жеті бала бар.
Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева науқастардың өміріне қауіп жоқ екенін айтты.
Оқиға орнына санитарлық авиация арқылы инфекционист, терапевт, педиатр және өзге де мамандардан құралған арнайы топ жіберілді. Басқарма басшысы да Торғайға барып, медициналық көмекті үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Кафеде тексеріс жүргізіліп, тағам мен ауыз судан сынама алынды, қызметкерлер де тексерілді. Барлық талдау қазір зертханада, нәтижелері әзір дайын емес. Белгілі болғандай, бұл нысан күнделікті жұмыс істемейді, тек банкеттерге қызмет көрсетеді. Облыстың бас мемлекеттік дәрігері кафенің қызметін уақытша тоқтату және қызметкерлерін жұмыстан шеттету туралы қаулы шығарды», — деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Фото: pixabay