457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: үшінші ұшқыштың мәйіті табылды

12 тамызда су асты іздестіру жұмыстары барысында экипаждың үшінші мүшесінің денесі табылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.


10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылып, анықталған болатын. Ол эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі айтарлықтай, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат. Жоғары кәсіби дайындығымен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленген ол әріптестері мен қолбасшылық арасында зор құрметке ие болған.

11 тамызда іздеу топтары авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтің денесін тапты. 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен.

12 тамызда экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат.

Қаза тапқан үш ұшқыш та Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері. Әріптестері оларды әрдайым көмекке дайын, қайырымды және жанашыр азамат ретінде еске алады.

Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғасуда. Тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және барлық қажетті көмекті көрсетеді, - делінген ресми ақпаратта.

Фото: Қорғаныс министрлігі