Суға кеткен ақтөбелік оқушы 4 күннен бері табылмай жатыр

Ырғыз ауданы Мамыр ауылында 16 жастағы оқушыны іздеу жұмысы шамамен 4 тәулікке созылды. Суға батып кеткен бозбаланы іздеуге қосымша күш жұмылдырылған.
Ырғыз ауданы Мамыр ауылында екі бала суға түсуге барады.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан орталығындағы мектеп-гимназияда білім алған 10 сынып оқушысы ауылға демалысқа келген. Содан досы екеуі өзенге барып, бірі су бетіне шықпай қалды. 5 маусымнан бастап ауыл адамдары түгел іздеуге жұмылды, сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметі дронды да іске қосты.
- 2009 жылы туған жасөспірімді іздестіру жұмыстарына арнайы жасақталған іздестіру-құтқару топтары жұмылдырылды. Қатты жел ағысты күшейтіп тұр. Сонымен бірге су түбі лай, көрінбейді. Бұл үлкен кедергі. Барлығы 42 адам сол жақта жүр. Олардың 12-сі төтенше жағдайлар қызметкері. Жергілікті атқарушы органнан 5, полициядан 5 қызметкер барды. Сонымен бірге еріктілер де бар. Су астындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін су асты дроны да іске қосылған,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға орнына бүгін тағы ондаған адам барады. Олардың қатарында төтенше жағдайлар қызметінен 4, 20982 әскери бөлімінен 40 қызметкер бар. Сүңгуірлер мен кинологтар да жұмылдырылып жатыр. Барлығы іздеуге тағы 46 адам жұмылдырылады.
Айта кетейік, бозбала 5 маусым күні түстен кейін суға кеткен. Бүгін іздеу жұмысының жалғасып жатқанына төрт тәулік болады.
Фото: zhaikpress.kz

Ең көп оқылған
