Таразда депутат соққыға жығылды

Әлеуметтік желіде Таразда Алматы облысы Іле ауданы мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиев соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Полиция бұл жайтты растады. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға 13 мамырда кешке қала кафелерінің бірінде болған. Бұл жағдайдан кейін депутат ауруханаға жеткізілген. Бірақ Жамбыл облысы Полиция департаменті мәліметінше, ол ауруханаға жатудан бас тартқан.
"Бұл дерекке қатысты ҚК 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір қылмыстық іс бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деді құқық қорғау органдары.
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, Нұрлан Байғазиев Таразға жұмыс сапарымен барған. Ол заңгер ретінде тұтынушылармен кездескен. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, дәл осы уақытта оған шабуыл жасалған. Болжам бойынша, ер адам депутатты кастетпен ұрған.
Фото: facebook/Нұреке Алтынбекович