Хасан Қасымбаевтың сыбайластары ұрды делінген жәбірленушінің анасы оқиға туралы айтты
“Хуторский” жігіттері Арман Әлімовке “Хасаннан кешірім сұра, алдына жығыл” деп айтқан
Талғардағы “Хутор” ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі деп айтылатын Хасан Қасымбаевтың ұсталуына негіз болған істегі жәбірленушінің анасы мен адвокаты баспасөз жиынын өткізіп, оқиғаның қалай болғанын айтты.
Жәбірленуші Арман Әлімовтың анасының айтуынша, қылмыстық әрекет 2021 жылғы 17 маусымда болған. Сөзінше, баласы Арман пен Хасан Қасымбаевтың арасында жанжал шыққанға ұқсайды. Яғни, “Хуторский” тобы мен “Аватский” топтарының арасында кикілжің туындаған. Арман Әлімов екі топтың арасына от жағып жүр, бір-біріне шағыстырған деген әңгіме ерегестің ушығуына себеп болған.
“Осы кезде “Хуторский” жігіттері ұлыма “Хасаннан кешірім сұра, алдына жығыл” деп айтқан. Бұған келіспеген ұлым “алдына баратындай Хасан деген кім, мен ешкімнен кешірім сұрауға міндетті емеспін, оны білмеймін, білгім де келмейді” деп аудиохабарлама жолдаған. “Хутор” жігіттері ол аудионы Хасанның өзіне жөнелтіп, осыдан Хасанның Арманға тіс қайрауы басталды” дейді жәбірленушінің анасы.
Анасы осыдан бастап “Хутор” жігіттері ұлымның ізіне түсті дейді. Түнге қарай үйінің маңын торуылдап, Арман үйден шыға алмай қалған. Оны түнде қолға түсіру мүмкін болмағандақтын, тапа-тал түсте ұстауға бел шешкен.
Сөйтіп 2021 жылы 17 маусымда бірінеше адам Арман Әлімовты дүкеннің алдынан ұстап алып, ұрып-соғып, көлікке салып, қала сыртына апарып тағы сабаған.
Жәбірленушінің анасы ол жерде қылмыскерлердің әрқайсысының өзіне бөлінген рөлі болғанын айтады.
“Бірі ұлымды сабаса, екіншісі оны видеоға түсірген, үшіншісі телефонмен сөйлесіп, Хасаннан нұсқау алып отырған, төртіншісі алдыңға ерегестер бойынша бірдеңелерді көрсеткен. Артынша Хасан Қасымбаев оқиға орнына келіп, ұлымның жағдайын көріп, оны сол жерде қалдырып кетіп қалған. Артынша Арман кіші ұлыма хабарласып, мән-жайды айтып, өзі такси шақырған. Кіші ұлым төбелес болған дүкеннің алдына барып, ағасының велосипедін алып кетпек болған. Сол кезде дүкен иесімен сөйлесіп қалып, кездейсоқ төбелестің видео жазбасы барын естіп, оны өзіне жібертіп алған” дейді ол.
Жәбірленуші Арман Әлімовтың анасы баласын ұрып-соққаннан кейін де қысым тоқтамағанын айтты. Сөзінше, баласы Талғар аудандық ауруханасында жатқанда полиция қызметкерлері оны арыз жазбауға үгіттеген. Алайда Арман мен оның жақындары шу шығара бастағаннан кейін ғана арыз қабылданған. Ал інісі ағасына тыныштық бермейді деп, Талғар аудандық ауруханасынан шығарып алып, Алматыдағы облыстық ауруханаға алып кеткен.
Бастапқыда іс “бұзақылық” бабымен қозғалған. Дүкен алдында түсірілген видео іс материалдарына қосылмаған. Тек жәбірленуші тарап әлеуметтік желіде жазып, қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін ғана видео материалдарға алынған. Жәбірленушінің анасы сол кезде адвокат жалдауға жағдайы болмай, өзі жүгіргенін айтады. Жүгіріп жүріп видеодағы көлікті, оның жалған нөмірмен жүргенін анықтаған.
Талғар аудандық соты бұзақылық бабы бойынша тек үш адамды жауапқа тартып, күдіктілерді сот залынан босатып жіберген. Жібірленушілер бұған келіспей апелляцияға берген.
Істі қарап жатқанда күдіктілер одан да ауыр қылмыс жасап, бір адамды өлтіріп, екіншісін мүгедек қылған.
“Ақырында ұлыма ауыр дене жарақатын салып, ұрлап кеткені үшін бұрын сотталған екі адам 10 жыл, сотталмаған екеуі 9 жыл, Арманды ұрғаннан кейін адам өлтірген күдікті 22 жылға сотталды” дейді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленуші тарап тапсырыс беруші деп санайтын Хасан Қасымбаев ұсталмаған.
Бұнымен келіспеген жәбірленушінің анасы Қасымбаевты жауапқа тартуды талап етіп, Талғар ауданының экс-прокуроры Ескендір Бекмановты, Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Рустам Әбдірахмановты, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке барған. Алайда, нәтиже шықпаған.
Жәбірленушінің анасы үміт үзілді ме деп жүргенде 1 қараша күні ұлып Қонаев қаласына полиция департаментіне үш жыл бұрынғы іс бойынша жауап алуға шақырған. Арман Әлімов сол жерде тапсырыс беруші Хасан Қасымбаев екенін айтып, келесі күні ол ұсталған. Қазір Әлімовтың отбасын полиция күзетіп жатыр.
Адвокат Әлішер Алишевтің айтуынша, адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бойынша айыпталған Хасан Қасымбаевқа 7-8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Коллаж: dalanews.kz