Жаппай улану: мейрамхана жұмысын уақытша тоқтатты
Астанадағы Koktem кафесі жаппай улану туралы хабарлардан кейін уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы мекеме иесі Данияр Байтоков әлеуметтік желілерде мәлімдеді

Астанадағы Koktem кафесі жаппай улану туралы хабарлардан кейін уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы мекеме иесі Данияр Байтоков әлеуметтік желілерде мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ондаған қонақ улану белгілері туралы шағымданғаннан кейін, санитарлық күндер өткізу және уақытша жабылу туралы шешім қабылданған.
Шағымданушылардың айтуынша, олар кафеде котлет пен картоп пюресіне тапсырыс берген, ал көп ұзамай ауруханаға түскен.
"Біз басынан бастап санэпидемстанциямен бірлесіп жұмыс істеп келеміз, барлық қажет талдау тапсырылды, СЭС пен тәуелсіз сараптаманы шақырдық. Сондай-ақ әрбір зардап шеккен адаммен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмыз – тапсырыс пен емделу шығындарын өтеп жатырмыз", – деді Байтоков.
Ол зертханалық сараптама нәтижелері дүйсенбіге дейін дайын болмайтыны белгілі болған соң, нәтижелерді күтпей жабылу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Қазір кафе әкімшілігі өнімдерді, жеткізушілерді, қызметкерлерді және барлық ішкі процесті мұқият тексеріп жатыр.
Фото: pixabay.com