Министрлік танымал блогер Жанабыловтың заңсыз ұтыс ойынына тексеріс бастады

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Instagram желісіндегі «Zhanabylov_e» және «elt6i» аккаунттарында жарияланған бағалы сыйлықтар ұтысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, ҚР ТСМ жанындағы құмар ойындар мен лотерея қызметін реттеу комитетіне азамат С.-дан аталған блогерлер ұйымдастырған ұтыстың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түскен.
Қазіргі уақытта азамат Жанабыловқа ӘҚБтК-нің 743-бабының 1-бөлігіне сәйкес түсініктеме беру қажеттілігі жөнінде хабарлама жолданды. Оның нәтижелері бойынша әкімшілік іс қозғау мәселесі қаралады, — деп хабарлады министрлік.
Түсініктеме ұсынылмаған жағдайда, комитет ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғайды. Бұл бапқа сәйкес, жеке тұлғаларға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 300, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Азамат келмеген жағдайда іс сырттай қаралады.
Сонымен қатар, министрлік Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес лотерея операторлары немесе ресми таратушылар ғана ұтыс ойындарын өткізе алатынын еске салды.
Ведомство азаматтарды әлеуметтік желілерде ресми ұйымдастырушылар болып табылмайтын тұлғалардың «гивтеріне» және күмәнді ұтыс ойындарына қатыспауға шақырды. Бұл қаржылық шығыннан және алаяқтықтың құрбаны болудан сақтайды.
Фото: әлеуметтік желі

Ең көп оқылған
