23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің бастауы. Жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет ұйымдастырылатын бұл саяси науқан заң шығарушы биліктің құрылымынтүбегейлі өзгертіп, азаматтардың елдің өкілді органын қалыптастырудағы рөлін кеңейтеді.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Орталығының директоры Кәрім Жұлдыз Қайратқызының айтуынша, жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесіне елеулі өзгерістер енгізді.
Қазақстанда конституциялық реформалар аясында Парламенттің құрылымы түбегейлі өзгерді. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылып, заң шығарушы билікті қалыптастырудың жаңа тетігі енгізілді.
Жұлдыз Қайратқызының айтуынша, бұл өзгеріс тек мемлекеттік институттардың құрылымына ғана емес, бүкіл парламенттік басқару жүйесіне әсер етеді.
«Жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесіне елеулі өзгерістер енгізді. Маңызды жаңалықтарының бірі – екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу. Бұл заң шығарушы биліктің құрылымын өзгертумен ғана шектелмей, сонымен қатар парламенттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді білдіреді», деді ол.
Сарапшының пікірінше, алдағы 23 тамыздағы сайлау тарихи маңызға ие. Себебі бұл жаңа конституциялық талаптар негізінде өтетін алғашқы сайлау болмақ. Бұған дейін қазақстандықтар Мәжіліс депутаттарын ғана тікелей сайлаған болса, енді заң шығарушы органның толық құрамын айқындайды.
«Қазақстандықтар бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер негізінде бес жыл мерзімге Құрылтайдың 145 депутатын сайлайды. Осылайша, Парламенттің құрылымы ғана емес, заң шығарушы билікті қалыптастырудың қағидаты да өзгереді. Бұл азаматтардың сайлау үдерісіне қатысуының жаңа кезеңін айқындайды», деді Жұлдыз Қайратқызы.
Сарапшы соңғы он жылда сайлау жүйесінде жүргізілген реформалар саяси бәсекелестікті кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Әсіресе 2023 жылғы өзгерістер партиялардың өту шегін төмендетіп, жаңа саяси тетіктердің енгізілуіне жол ашты.
«2016 және 2021 жылдардағы парламенттік сайлаулардың негізгі қағидаттары айтарлықтай өзгермесе, 2023 жылы сайлау заңнамасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Ал 2026 жылғы конституциялық өзгерістердің нәтижесінде Парламенттің институционалдық моделі түбегейлі жаңарды. Жалпы алғанда, жүргізілген реформалар түрлі саяси және қоғамдық мүдделердің кеңірек көрініс табуына бағытталған», деді ол.
Соңғы жылдары сайлаудағы саяси бәсекелестік деңгейі де артып келеді. Кандидаттар санының өсуі соның бір көрінісі болғанымен, сарапшы мұның өзі сайлау сапасын толық айқындай алмайтынын айтты.
«Дегенмен кандидаттар санының көбеюі сайлау сапасын өздігінен айқындамайды. Ең бастысы – саяси бәсекенің шынайы болуы және азаматтардың өз дауысының шешім қабылдауға ықпал ететініне сенуі», деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде әлемде сайлаушылардың белсенділігіне цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілердің ықпалы артып келеді. Бұл партиялардың сайлаушылармен жаңа форматта байланыс орнатуын талап етеді.
«ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, соңғы онжылдықтарда парламенттік сайлауларға қатысудың орташа деңгейі 75%-дан 65%-ға дейін төмендеген. Сондықтан қазіргі жағдайда партиялар тек өз бағдарламаларымен ғана емес, сайлаушылармен тиімді әрі сапалы коммуникация орнату қабілеті арқылы да бәсекеге түседі», деді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, партиялық жүйедегі өзгерістер де жаңа саяси жағдайларға бейімделудің көрінісі. Ал Құрылтайдың тиімділігі оның құрамына кімнің сайлануынан гөрі, қоғам мүддесін қаншалықты сапалы қорғай алуына байланысты болады.
«Жаңа модельдің табысты болуы Құрылтай құрамына кім кіреді емес, олардың қоғам мүддесін қаншалықты тиімді білдіре алатынына, өңірлердің ерекшеліктерін ескеріп, азаматтармен ашық диалог орната білуіне байланысты болады. Дәл осы факторлар Құрылтайға деген сенімнің деңгейін және конституциялық реформалардың нәтижелілігін айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі болмақ», деп түйіндеді Жұлдыз Кәрім.