АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Құттықтау хатында АҚШ басшысы Қазақстан халқының 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері елдің мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтап, дамытуға ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.
"Құрметті Президент мырза! Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жылы лебізімді қабыл алыңыз!
Миллиондаған қазақстандық Астанада және елдің түкпір-түкпірінде 1991 жылы республика Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері көздің қарашығындай сақтап, еселей түскен бай мәдениетін, тарихи мұрасын және қайталанбас келбетін ерекше мақтанышпен паш етеді.
Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін.
Қазақстан халқының бағына орай, Сіз сияқты тегеурінді әрі батыл көшбасшысы бар. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе", – делінген құттықтау хатта.