457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

94 жастағы қария қажылыққа жинаған ақшасын науқас балаларға үлестіріп берді

Павлодар облысының 94 жастағы тұрғыны Сағадат Жұмабаев қажылыққа жинаған ақшасын ауыр науқас балаларға көмектесу үшін қайырымдылыққа жұмсады, деп хабарлайды Malim.kz irbistv.kz порталына сілтеме жасап.

Жары қайтыс болғаннан кейін Сағадат ата қарттар үйіне түскен. Содан бері Меккеге барып, қажылық жасау оның басты арманына айналды. 2011 жылдан бастап ақсақал осы сапарға ақырындап қаржы жинай бастайды. Алайда жылдар өте келе денсаулығы сыр беріп, сапар шегуге шамасы жетпейтінін түсінеді.

«Анам түсіме жиі кіріп жүр. Сол себепті бұл ақшаны науқас балалардың аналарына бергім келді. Себебі олар өте қиын жағдайда: балалары күнде жылайды, аналар ұйықтай алмайды, сыртқа шығуға мүмкіндіктері жоқ», – дейді Сағадат Жұмабаев.

Сағадат ата зейнетақысынан 3,6 миллион теңге жинап, бұл соманы мүмкіндігі шектеулі 30 балаға үлестіріп берді. Әрқайсысына 120 мың теңгеден. Балалардың жасы – 1,5 жастан 15 жасқа дейін, диагноздары – әртүрлі.

Аналарының алғысы шексіз

Балалардың аналары мұндай тосын сыйға толқи отырып, алғыс білдірді:

«Бұл – біз секілді отбасылар үшін үлкен көмек. Себебі балаларды оңалтуға қыруар қаражат кетеді. Мұндай қайырымдылық біз үшін өте маңызды. Сағадат атаға үлкен алғысымызды білдіреміз. Осындай адамдар бар екенін көріп, жақсылыққа деген сенім оянады. Біреудің қайғысына бейжай қарамайтын, көмек қолын созуға дайын жандар бар екеніне көзіміз жетті», – дейді ерекше баланың анасы Әсел Төлеуханова.

Жақсылық жасаған ақсақалға аналар шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал Сағадат Жұмабаевтың бұл әрекетін естіген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (Муфтият) оған қажылыққа тегін жолдама беретін болды.

Фото: irbistv.kz