Тұрғын үйдің техникалық паспорты: оны қай кезде жаңарту қажет?

Бұрын берілген тұрғын үйге арналған техникалық паспорттар заңды күшінде қалады және мәмілелер жасау кезінде қолданылуы мүмкін. "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы қандай жағдайларда құжаттарды жаңарту қажет екенін түсіндірді. Бұл туралы LS порталына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" заңға сәйкес, кадастрлық паспорт бірнеше жағдайда жаңартылады. Атап айтқанда:
Ғимараттарды, құрылыстарды қайта жаңғырту, қайта жоспарлау немесе қайта жабдықтау нәтижесінде олардың техникалық және (немесе) сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген жағдайда;
Объектіні бөлу немесе біріктіру кезінде;
Құқықты растайтын құжаттағы сәйкестендіру және техникалық мәліметтерде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда.
Жаңартылған құжатта жаңадан пайда болған жылжымайтын мүлік объектісінің нақты деректері көрсетіледі.
Сонымен қатар, бұрын берілген техникалық паспорттар өз заңды күшін сақтайды және мәмілелерді рәсімдеу кезінде пайдаланылуы мүмкін. Оларды ауыстыру тек азаматтардың өз қалауы және өтініш беруі бойынша жүзеге асырылады.
Кадастрлық паспортты дайындау үшін өтініш беруші келесі құжаттарды ұсынуы керек:
Белгіленген үлгідегі жылжымайтын мүлік объектілерінің кадастрлық паспортын алу туралы өтініш;
Жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (тұлғаны сәйкестендіру үшін), сондай-ақ қызмет алушы өкілі өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі;
Жылжымайтын мүлік объектісіне құқықты растайтын құжат;
Жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының берілгені үшін төлем жасалғанын растайтын құжат.
Құжаттың құны "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы көрсететін жұмыстар мен қызметтердің бағаларына сәйкес анықталады. Төлем екі кезеңде жүргізіледі: өтініш берген кезде (алдын ала төлем), нәтижені алған кезде (қалған сома төленеді).
Мемлекеттік корпорация "қолданыстағы заңнамада кадастрлық паспортты беру немесе ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметті алуға жеңілдіктер көзделмеген" екенін нақтылады.
Ұйымның айтуынша, төлемді жылжымайтын мүлік иесі жүргізеді.
"Іс жүзінде, мәмілелер жасаған кезде нотариустар мен мемлекеттік корпорацияның тіркеушілері ескі үлгідегі техникалық паспорттарды қабылдайды. Алайда ипотекалық несие рәсімдегенде банктер балкондар мен лоджиялардың алаңдарын азайту коэффициентімен қоса есептейтін жаңа үлгідегі техникалық паспортты талап етеді", – деп нақтылады ұлттық компания.
Бұған дейін ұйым тұрғын үй иелерінің барлығы техникалық паспорттарын кадастрлық паспорттарға ауыстыруы тиіс деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Фото: istockphoto.com

Ең көп оқылған
