Британия мұрағатынан 30 жыл құпия болған Тоқаевқа қатысты құжат табылды

Әзербайжан тарихшысы Джемиль Ғасанли әлеуметтік желідегі парақшасында Ұлыбританияның Ұлттық мұрағатынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты құжат тауып, оның үзінділерін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Құжат Тоқаевтың 1990-жылдардағы қызметіне, атап айтқанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі болған кезеңіне қатысты жазылған.
Ғасанлидің айтуынша, 1994 жылы Тоқаев министр болып тағайындалғанда Британияның сыртқы саясат ведомствосы арнайы анықтама дайындап, оны «өте дайындалған кадр» деп сипаттаған.
Тарихшының пікірінше, олардың бұл бағасы кейін толықтай расталған.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл құжат Британия басшылығы үшін әзірленген болуы мүмкін деп болжайды.
Оның сөзінше, мұндай анықтамалар шетелдік саясаткерлер туралы ақпарат жинау тәжірибесінде жиі кездеседі.
Әбішевтің айтуынша, құжатта Тоқаевтың ағылшын, француз және қытай тілдерін меңгергені де ерекше атап өтілген. Құжат 1995 жылдың қарашасында дайындалып, осы уақытқа дейін құпия сақталып келген.
Фото: facebook.com/cemil.hasanli

Ең көп оқылған
