Жаңа Салық кодексі: кімдер ҚҚС-тан босатылады

Бүгін елордада жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов ҚҚС-тан босатылатын нысандарға қатысты түсінік берді.
ҚҚС мөлшерлемесі салық салынатын айналымның 16% деңгейінде белгіленді. Дәрілік және медициналық заттар, сондай-ақ медициналық қызметтер үшін ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 5%, 2027 жылдың 1 қаңтарынан 10% шамасында қойылды. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу әрі импорттау және медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады, - деді Жәнібек Нұржанов.
Оның айтуынша, 2026 жылдан тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жойылады. Бұл ретте, тұрғын үйлер мен үй-жайлардың құрылысын жүзеге асыратын құрылысшылардың сауда айналымына келер жылдан бастап салық салынады. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталған құрылыс нысандары үшін салықтан босату ғимарат толық өткізілгенге дейін күшінде болады.
Салық кодексінде ҚҚС-тан босатудың өзге де бағыттары ескерілген. Бұл тұрғыда ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтерін қарастырдық. Қазір елімізде кіру туризмі ғана ҚҚС-тан босатылған. Мұнымен қоса, отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітаптар шығару бойынша қызметтер, археологиялық жұмыстарында осындай жеңілдіктер бар, - деді ведомство өкілі.
Бұдан бөлек, арнаулы салық режимі қолданылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу ҚҚС бойынша айналым ретінде саналмайды.
Фото: pixabay.com