1 млн кәсіпкер табысын жасырып отыр

Жеке кәсіпкерлердің арасында 1 млн-ға жуығы табысын нақты көрсетпей отыр. Бұл туралы елордада жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинарда Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты.
Оның айтуынша, үйдің жанындағы дүкендер де көбіне есеп-қисапты ашық жүргізбейді.
2 млн жеке кәсіпкердің 44 пайызы декларациясында ешқандай айналымды көрсетпейді немесе декларация тапсырмайды. Бұл тұрғыда 1 млн-ға жуық жеке кәсіпкер тауар айналымын көрсетпей жатқанын айтып отырмыз. Барлық бизнес субъектінің арасында кәсіпкерлердің 20 пайызы жылына 1 млн теңгеден астам салық төлейді. Ал 80 пайызы салық төлемейді, - деді Ержан Біржанов.
Осы орайда вице-министр бұл саладағы аталған жағдайды бақылау-кассалық машиналары арқылы берілетін чектердің санынан байқауға болатынын айтты.
Шағын бизнес пайдаланып жүрген бақылау-кассалық машиналарына қатысты тоқталғым келеді. 400 мыңнан астам бақылау-кассалық машинасынан чек берілмей жатыр, ал 260 мыңы күніне бір чек береді. Осы жағдай бізде салық бойынша негізгі талап орындалмай жатқанын байқатады. Атап айтқанда, тұтынушылар арқылы жобаларды жүзеге асырған кезде, яғни салық бойынша кэшбэк қарастырылған. Біз мұны 10 өңірде жүзеге асырдық, сол елді мекендерде тұтынушы кәсіпкерден чек талап етті. Осының әсерінен чек беру 1,5 есеге өсті. Шағын кәсіпорындар есеп-қисаптарында заңды түрде 0-ді көрсетеді. Мен айтқан осы 2 млн жеке кәсіпкерлік саласында жұмысшылар тіркелмеген, - деді Ержан Біржанов.
Фото: freepik