457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Кішкентай қыздардың видеосына пікір қалдырып, қырындаған еркектер желі қолданушыларын шошытты

Желіде кішкентай қыздардың видеосына түрлі пікір қалдырып, қырындаған ересек ер адамдардың қылығы қызу талқыға түсті. Қазақстандықтардың көбі қауіпсіздік мақсатында 18 жасқа толғанға дейін балалар мен жеткіншектерге әлеуметтік желілерге тыйым салу керектігін айтып, дабыл қағуда. Енді бірі балаға анайы мақсатта жазатындарды анықтап, жазалау қажет екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды. 

Threads желісінде кішкентай қыздарға қырындап, танысуға ниет білдірген ер адамдарды әшкерелейтін видео пайда болды. Онда көпшілігінің жасы үлкен екені, тіпті отбасылы болуы мүмкін екені байқалады. Кішкентай қыздарға “нөміріңді берші, сұлу қыз”, “қай қаладан боласың?”, “қалай таныссақ болады?” деген пікірлер жазып, жүрек смайликтер жіберген.

“Өте жиіркенішті. Осындай “ездерді” әшкерелеп, түр-әлпетін үлкен планмен көрсететін видеолар көп болсын”, – делінген видео сипаттамасында.

“Қалай ойлайсыздар, бұл адамдар тек әлеуметтік желіде отырып, көшеге шықпай ма? Олар кез келген жерде балаларға тиісуі мүмкін. Әлеуметтік желілерге тыйым салу ештеңе өзгертпейді”, – деп жазды желідегілер. 

TikTok желісінде де қыздар жасөспірім кезеңдерінде ересек ер адамдардың назарында болғандарын, түрлі анайы ұсыныс алған жағдайларын баяндаған.

“14-16 жасымда ересек ер адамдардың тарапынан жылы лебіздер естіп, олардың назарына жиі ілігетінмін. Сол кезде ол маған қызық болып көрінген. Тек қазір мұның бәрін түсіндім”, “Менің ерлер назарына көмілген кезім 13-14 жасым екен. Қазір олай емес, себебі менің енді ересекке айналғанымнан болар?!”, “14-15 жасымда 30 жастағы еркектер өте көп қырындайтын. Оларды менің жасым алаңдатқан жоқ, менімен балаша сөйлесе отырып, сексуалды тақырыпты меңзейтін”, “99% жағдайда азғындау, анайы ұсыныстарды 13-14 жасымда естіген екем, ал үлкен боп көрінген кезімде мұндай орынсыз қырындаулар азайды” делінген видеоларда. 

Видео астында басқа қыздар да өз оқиғаларын баяндап, аталмыш нәрсені бастан кешкендерін айтады.

Бұған дейін оралдық блогер Қолғанат Жұмабаев кәмелетке толмаған қыздарға жазып, қырындады деген дау шыққан еді. Оның 11-12 жас шамасындағы қыздармен қатты құшақтасып фотоға түскені, сондай-ақ түнгі уақытта хат-хабарлама жазып, онда “ғашық болып қалдым ғой”, “сұлуым”, “фотоңа қарай беремін” деген сынды сөздер болғаны көпті шошытты. Алайда блогердің өзі ешқандай ерсі ойы болмағанын айтып ақталды. Тіпті кішкентай қыздардың аналары Жұмабаевты жақтап, оларда тек аға-қарындас арасындағы қарым-қатынас деді. Сол себепті блогердің үстінен ешқандай іс қозғалған жоқ.

Қылмыстық кодексте балаларға қатысты азғындау, сексуалды сипатта тиісу сынды баптар бар. Жыныстық зорлық жасалмаса да, балаға қатысты тиісу, бейәдеп әрекеттер үшін де жазаға тартуға болады. Қылмыстық кодекстің 124-бабы “16 жасқа толмағанды азғындау” бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Фото: видеодан скрин